Грузия үкіметі 1 ақпаннан бастап өзге елдермен әуе қатынасын қайта жандандырмақ

Пандемияның кесірінен Грузияда туризм саласы дағдарысқа ұшырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ел бюджетінің 11%-ін құраған ең маңызды сала еді. Қараша айының аяғында елде індеттің екінші толқыны белең алды. Салдарынан үкімет жаңа шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болды. Кәсіпорындар мен мекемелердің жабылып, көптеген адам жұмыссыз қалды.

Грузияда қонақүйлер мен мейрамханалар, театрлар мен мұражайлар жабық тұр. Салдарынан 300 мың адам жұмыссыз қалды. Жалпы соңғы жылдары елде туризм саласы қарқынды дамып келген. Грузиндердің ұлттық тағамдары, әсем табиғаты мен архитектуралық ескеркіштері түрлі елдерден көптеген қонақты тартып жүрді. 

Русудан Джапаридзе, Грузия гидтер қауымдастығының мүшесі:

- 2019 жыл бізде туризм өркендеген кез болды. Елімізде 4 миллиондай адам тұрады, ал сол жылы 9 миллион турист келді. Бұған қарап, болашақта олардың саны әлі де өсетініне үміт арттық. Статистикалық болжамға сай бұл көрсеткіш бірнеше жылдан кейін 25 миллионға жетер еді. Ковид бізді тақырға отырғызды.

Гидтер өзге елдердегі серіктестерімен байланысын үзбей отыр. Дегенмен, туризм саласы қалпына келу үшін кем дегенде екі жыл кететінін жақсы түсінеді.

Шалва Алавердашвили, Грузия қонақүйлер федерациясының басшысы:

- Бүкіл әлем тығырыққа тірелді, біз де зор шығынға баттық. Туризмнен түсетін табыс 81%-ке азайды. 2019 жылмен салыстырғанда, 2 миллиард 800 миллион доллардан айырылдық. Ал енді 2021 жылы ақпан айының соңында ішкі туризм үшін қысқы шипажайларды ашуды көздеп отырмыз. Сәуір айының аяғына дейін пандемия біртіндеп басылатынына үміттіміз. Сонда ақырындап туризм саласын қалпына келтіре бастаймыз.

Грузия өткен жылдың наурыз айында шекараны жауып тастаған еді. Ал жазда теңіз жағалауындағы шипажайлар тек ел тұрғындарын қабылдады. Үкімет ақпанның бірінде өзге елдермен әуе қатынасын қайта бастауды көздеп отыр. Алайда бұл елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты болмақ.

Авторы: Юлия Тужилкина