Киевте пластикалық бөтелкені азыққа айырбастайтын алғашқы автомат пайда болды

Екі ай бұрын Украина астанасы Киевте алғаш рет орнатылған «жасыл автомат» қоғамның зор қолдауына ие болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап өту керек, бокс пластикалық бөтелкені қабылдап, панасыз жүрген ит пен мысыққа қорек береді. Небәрі бір аптада, бөтелкені азыққа айырбастайтын автоматтың көмегімен 70 келі дейін пластик жиналады екен. Қайырымды істің құрылтайшысы және жергілікті тұрғындармен тілшіміз тілдесіп қайтты.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Қайырымды істің бастау бұлағында тұрған Руфат Раимов бөтелкені азыққа айырбастайтын автоматты алғаш рет Еуропа елдерінен көріп, қатты қызыққанын айтады. Бірақ мұндай құрылғыны сатып алу және оны Украинаға тасымалдау қымбатқа соққаннан кейін дәл сондай автоматты өзі құрастырып алған. Осылайша, бөтелкені панасыз жүрген ит пен мысыққа арналған қорекке айырбастайтын бір ғана автомат қоғамның үлкен қолдауына ие болады.

Руфат Раимов, жоба авторы:

- Бұл ең алғашқы бокс болғандықтан, оны қоғам қалай қабылдайды екен деп уайымдадық. Сондықтан қарапайым автоматты ғана қойып, әлеуметтің көзқарасын таныдық. Таңқалғанымыз, бокс тұрған екі айдың ішінде ешқандай вандализм мен догхантерлік қозғалыс байқалмады. Ешкім тас лақтырып, тамаққа у сепкен жоқ. Сондықтан келесі боксты бұдан да жақсы жасаймыз деп жоспарлаймыз. Келесі автомат бөтелкені бірден сығымдап не бөлшектеп жинайтын болады.

Киев қаласының төрт жасар кішкентай тұрғыны Катя және оның анасы Ира қорек беретін автоматқа үнемі келуді дәстүрге айналдырған. «Пластикалық бөтелкенің табиғатқа зор зиян екенін қызыма сәби күнінен түсіндіргім келеді», - дейді баланың анасы. Қызы да бұл қорек ит пен мысыққа арналғанын біліп алған, сондықтан бөтелкені зор қуанышпен автоматқа тастай бергісі келеді.

Екатерина, Киев қаласының 4 жасар тұрғыны:

- Күшік пен мысықты сондай жақсы көрем. Олар сүйкімді. Сондықтан бөтелкені алып келем де, оларға тамақ бергенді жақсы көрем.

«Келесі автоматты жол қиылысы ғана емес, жанармай бекеттеріне де қоюды жоспарлап отырмыз», - дейді жоба авторлары. Сондай-ақ құрылғыны жетілдіруді де жігіттер мықтап қолға алмақ. Атап айтқанда, келесі бокс бұдан 1,5 есеге үлкен болмақ және арнайы интерактивті экран қосымша мүмкіндіктермен жабдықталмақ.

Руфат Раимов, жоба авторы:

- Алғашқы автоматтың ашық тұстары көп. Табаққа түскен тамақты егеуқұйрық та жеп кетіп жатыр. Сондықтан келесі автоматтың мүмкіндерін молайтамыз, онда көптеген пайдалы ақпаратпен қамтылған экран болады, балаларға арналған роликтер көрсетеміз.

Автомат бір бөтелкені ғана қабылдағанның өзінде 50 грамм азық бере алады. Алайда, пластиканы өткізуші адамның көптігін ескеріп, жоба авторлары бөтелкеге берілетін қоректі 10 грамға дейін қысқартқан екен. Өйткені бір ғана аптаның ішінде 70 келіне дейін пластик жиналған және олардың барлығы қалдықты қайта өңдейтін зауытқа жеткізілген.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко