Мадагаскарда құрғақшылықтан миллиондаған адам ашқұрсақ қалды

Мадагаскар жұрты қуаңшылықтың зардабын тартып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл егін шықпай миллиондаған адам ашқұрсақ қалды. Ауызсу тапшылығы тағы бар. БҰҰ-ның өкілдері аймаққа гуманитарлық жәрдем көрсетуде. Бүгінде елдің 9 ауданында тұратын 500 мыңдай тұрғын азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Мамандар алдағы уақытта бұл көмектің көлемін ұлғайтпаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.

Естеріңізге салайық, Мадагаскарда соңғы 3 жыл қатарымен аптап ыстық пен қуаңшылық белең алды. Бұл аздай, коронавирус пандемиясынан өңірдегі ахуал одан бетер күрделене түсті.

Жанлюк Сибло, БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының өкілі:

- Мадагаскарды соңғы 10 жылда болмаған қуаңшылық жайлады. Салдарынан былтыр көктемде егін шықпай қалды. Енді халық аштықтың шарықтау шегінде тұр. Мұндай жоқшылық соңғы 5 жылда болмаған.