Еуропада қыс қаһарына мінді

Қыстың әлегі енді басталған сыңайлы. Африкаға таяу Пиреней түбегіндегі Испания халқы да суыққа ұрынды. Өткен аптада мұнда соңғы жарты ғасырда болмаған қалың қар жауса, осы апта аяз келді. Қыстың қытымыр мінезі Еуропадағы Швеция жұрты мен Босния және Герцеговинадағы мигранттарды да әлекке салды. 

Қар тазалап үлгірмей жатқан Испанияның орталық аудандарының тұрғындарын енді аяз әлекке салды. Дүйсенбіде түнде ауа температурасы -25 градусқа дейін төмендеген. Бұл соңғы 20 жылдағы ең суық түн болды. Әбден күннің шуағында жүріп үйреніп қалған жергілікті жұрт үшін бұл таңсық жағдай. Сарышұнақ аяздың салдарынан 7 адам көз жұмған. Оның екеуі үйсіз жандар. Ел астанасы Мадридтегі ауруханалар коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдап үлгермей жатқанда көктайғақ кесірінен медициналық көмекке жүгінгендер көбейген. Қазір әр сағат сайын емханаға 50 шақты науқас түсіп жатыр.

БЛИЦ:

- Бізде мынадай қар 30-40 жыл болған емес десем өтірік айтпаған болармын. Бұл Мадрид үшін аномальді құбылыс.

- Мен жақын маңда тұрамын. Мамандар қар тазалап үлгірмей жатыр дегесін осында көмекке келдім.

Қазір коммуналдық қызметтің жұмысы қауырт. Қарды тазалап үлгірмей жатыр. Көмекке әскерилер мен волонтерлер тартылған. Енді мамандар тағы бір қиындыққа тап болды. Мадридте жолға шашатын тұз таусылған. Сол себепті шаһарға шұғыл түрде оның 3 жарым мың тоннасы жеткізілмек. Мамандар қалың қарды толық тазартуға 2-3 апта кетуі мүмкін деп ескертіп отыр. Ал әзірге қалада көлік қатынасы ақырындап қалпына келе бастады. Ұшақтар да қайта ұшып жатыр. Бірақ әлі біраз рейс кешігуде.  

БЛИЦ:

- Менің ата-анам сырқаттанып қалған. Соларға барып қайтайын деп едім. Көрмегеніме 2 жыл болды. Бірақ рейсіміз кестеден алынып тасталыпты.

- Мен үйіме қайта алмай отырмын. Өйткені ұшу-қону жолағын мұз басқан.

Аяз Босния және Герцеговинадағы мигранттарды да әлекке салды. Өткен айда елдің солтүстік-батысындағы босқындар лагері өртеніп кеткен. Салдарынан билік ондағы жұртты шатырлар мен уақытша орындарға жайғастырған. Алайда қыс қаһарына мініп, босқындар арасында суық тиіп ауырғандар саны көбейген.

БЛИЦ:

- Отбасымдағының бәрі ауырып жатыр. Мынау да, мынау да. Сенделіп жүргеніме 4 ай болды. Хорватияға жете алмай отырмын. Шекарадан ассам болды, мені кері қайтарып жібереді.

- Қатты тоңамыз. Суды сырттан әкеліп ішеміз. Әжетхана да сыртта. Мұның бәрі денсаулығымызға әсер етпей қоймайтыны анық.

Ал Швецияда боранның салдарынан екі бірдей өңір тұрғындары жарықсыз қалды. Жапалақтап жауған қардың биіктігі жарты метрден асады. Жолдарда көлік апаты көбейген. Темір жол қатынасы іркіліспен жұмыс істеп тұр. Ал синоптиктер қар әлі де бірнеше күн жауатынын ескертеді. 

Автор: Жұлдыз Атагельдиева

Сондай-ақ...