Германияда локдаун сәуірге дейін ұзартылмақ

Бұған дейін коронавирустың «британдық» штамы тіркелген Германияда енді «африкалық» штамм да анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вирустың бұл түрлері тез тарайтындықтан, билік індет жұқтырғандар саны күрт артып кете ме деп қауіптеніп отыр. Негізі елде қатаң локдаун 31 қаңтарда аяқталуы тиіс еді. Алайда жергілікті ақпарат көздерінің хабарлауынша, билік оны 8-10 аптаға ұзартуы мүмкін. Мамандар 100 мың тұрғынға шаққандағы деректер санын 50-ге жеткізуге ниетті. Әзірге бұл көрсеткіш 600 шамасында. Соңғы тәулікте елде 20 мыңға жуық жаңа науқас тіркелген. Өлім көрсеткіші де жоғары. Бір күнде көз жұмғандардың саны мыңнан асады. Сондықтан билік шектеу шараларын қатаңдатып жатыр. Мәселен, Саксонияда барлық тау-шаңғы шипажайлары жабылды. Бұл мыңдаған демалушы үшін күтпеген жағдай болды. Полицейлер оларға тіптен көлігін қоюға рұқсат бермей, кері қайтарып жатыр.

Михаэль Хуппертц, Хеленталь қаласының полиция өкілі:

– Біз демалушыларға келмеңдер деп ескерткен едік. Алайда олар сөзімізге құлақ аспады. Керісінше, тау-шаңғы шипажайларына асыққандар саны көбейді. Сондықтан осы аптаның басында біз бәрін жауып тастадық. Көріп тұрғандарыңыздай, қазір көлік жоқ. Бәрі тыныш.

Ал Берлин басшылығы тұрғындарға қаладан 15 шақырымнан алшақ жерге кетуге тыйым салды. Тиісті ереже апта соңында күшіне енеді. Шаһардан тек дәлелді себептермен ғана кетуге рұқсат. Бұл ереже індет өршіп тұрған басқа аймақтарда енгізілді.