419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайда 22 млн-нан астам адам карантинге жабылды

  • 61
  • UPD: 10:58, 14.01.2021

Қытайда 10 миллионнан астам адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар ел билігі халықты жаппай тестілеп жатыр. Биылғы жыл басталысымен бұл елде қайта індет ошақтары тіркеле бастады. Бір өңірінде соңғы 10 күнде 600-ден аса науқас анықталды. Осыған байланысты 22 миллионнан астам адам карантинге жабылды.

Вирус Хэбэй провинциясында тез тарап барады. Бұл жолы дерт негізінен ауыл-аймақтарға жайылып кетті. Науқастардың 70 проценті – осы ауыл тұрғындары. Сарапшылардың болжамдарына сәйкес, бір аптаның ішінде дерттің жоғары белгілері әлі де сақталады. Өңірдегі үш қалада локдаун жарияланды. Ал 15 ауылдың тұрғындарын арнайы орындарда карантинге орналастырып жатыр.

Ван Бинь, ҚХР денсаулық сақтау істері жөнінде мемлекеттік комитеттің инспекторы:

– Індетке қарсы шаралар жөнінде ауыл тұрғындарының сауатын ашуды жалғастыра береміз. Бетперде кию, қол жуу және бөлмелерді жиі желдету әдетін қалыптастыруға көмектесеміз. Сондай-ақ қытайлық Жаңа жыл қарсаңында халықтың көп жиналуына жол бермес үшін тойлар мен өзге шараларды жауапты өткізуге кеңес бердік.

Хэбэй өңіріне вирус қайдан келгені әзірше белгісіз. Алайда сарапшылардың пікірінше, ол жақында Ресейде анықталған штаммына ұқсас. Ел астанасында да вирустың осы түрі анықталды. Өйткені Бейжің қаласы осы Хэбэй провинциясының дәл іргесінде орналасқан. Қазір Бейжіңдегі барлық қоғамдық орындарда адамдардың дене қызуы тексеріліп, тіркеуге алынып жатыр.

БЛИЦ:

- Бейжіңде тұрамын, жалпы мұнда эпидемиологиялық ахуал тәуір. Жақын арада ешқайда кетпеймін, өйткені қайта оралу қиын болмақ.

- Бейжіңдегі жағдай қауіпсіз деп ойлаймын. Дегенмен қауіпсіздік шараларын сақтап, жұрт жиналатын орындардан аулақ болу керек. Қаланың байырғы тұрғыны болғандықтан, Жаңа жыл кезінде ешқайда бармаймын. Ал егер сапарға шықсам, екпе салуға тырысамын.

Елдің барлық өңірінде жаппай вакциналау шарасы басталып кетті. Ең алдымен екпе дәрігерлерге, кеден және әуежай қызметкерлеріне салынып жатыр. Хэбэй провинциясында да біріншіден дәрігерлер вакциналады. Келесі кезекте әлеуметтік қызметкерлер мен жедел жеткізушілер тұр.

Ботагөз Сырғабаева

Хабар 24 телеарнасы