General Motors ұшатын көлік үлгісін таныстырды

Америкалық General Motors компаниясы виртуалды көрме арқылы алғашқы ұшатын көліктерінің үлгісін көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

2 және 4 адамға арналған көліктер дрон секілді көкке тік ұша алады. Аспанда электрлі шусыз қалақ арқылы қозғалатын көліктер қалада сағатына 53 шақырым жылдамдықпен жүруге қауқарлы. Жаңа қозғалыс құралдарының нарыққа қашан шығатыны әлі белгісіз. Бірақ бірлестіктің бас дизайнері Майк Симко ұшатын көліктердің пайда болуы алыс емес дейді.

Майк Симко, General Motors компаниясының бас дизайнері:

– Көзіңізге елестетіп көріңізші. Сізге шұғыл түрде қаланың басқа шетіндегі жиналысқа бару керек. Осы кезде сізді кеңсеңіз орналасқан ғимараттың шатырында осындай көлік күтіп тұрады. Электрлі және автономды технология дамыған қазіргі заманда мұндай жетістіктерге қолжеткізер күн алыс емес деп ойлаймын.