Х.Клюге: 2021 жылы пандемия жалғасады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың жаңа штамдары Еуропаға тарағанын растады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол Ресейді қосқанда Кәрі құрлықтың 25 елінде тіркелді. Копенгагенде өткен онлайн-брифингте телеарнамыздың сұрағына жауап берген ұйымның Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге осылай мәлімдеді. Ол еуропалық елдерді бұл жөнінде ақпаратпен белсенді түрде бөлісуге шақырды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус жөнінде халықаралық санитарлық ережелер бойынша Төтенше комитеті саяхатшылар үшін вакциналау төлқұжаттарын енгізуді қарастырып отыр. Еуропада әлі де індет дендеп тұр. Ханс Клюгенің айтуынша, жаппай вакциналау басталғанымен, биыл COVID-19 дертіне қарсы ұжымдық иммунитет қалыптаспайды.

Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры:

- Ұжымдық иммунитетке жету үшін бәлкім әлем халқының 70%-іне вакцина егу керек. Әрине, бұл кезең-кезеңмен жүзеге асатын шара және ол жаңа вакциналардың шығуы секілді көптеген факторларға байланысты болмақ. Коронавирустың жаңа штамдарының пайда болуы тосын жайт емес. Бұл адамға бейімделіп жатқан вирустың қалыпты эволюциясы. Британиялық түрі аурудың асқынуына да, жеңіл өтуіне де әкелмейді. Ол екінші пандемияны туғызбайды және COVID-19 дертіне қарсы күреске әсер етпейді. Бірақ бұл штамның жұғу қабілеті жоғары, осы жағдай алаңдатып отыр. Биыл да пандемия жалғасқан жыл болады, бірақ былтырмен салыстырғанда жағдайды жақсырақ бақылаймыз.