Германияда коронавирустан көз жұмғандар саны бойынша жаңа антирекорд тіркелді

Германияда коронавирустан өлім саны бойынша қайта антирекорд тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір тәулікте індеттен 1244 адам көз жұмды. Дрезден және Майсен қалаларының әкімшіліктері крематорийлерде бос орын қалмағанын мәлімдеді. Қатаң шектеулерге қарамастан, науқастар саны азаймай отыр. Соңғы бір тәулікте COVID-19 жұқтырған 25 мың адам анықталды. Германияның 10 өңірінде жансақтау бөлімдері 85%-ке толып кетті.

Лотар Вилер, Роберт Кох атындағы институттың басшысы:

- Германияның денсаулық сақтау жүйесі тап бүгінгідей ауыртпалықты көрмеген еді. Жансақтау бөлімдерінде медиктер апталап демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Тіпті ұйықтауға да уақыты жоқ. Сондықтан азаматтарымыздан тағы да сұраймыз: мүмкіндігінше үйде қалып, қашықтан жұмыс істеңіздер.

Ал осы кезде, Германияда халықты жаппай вакциналау науқаны жалғасып келеді. Қазіргі кезде 758 мың адамға екпе жасалды. Бұл жасы 80-нен асқан азаматтар, қарттар үйлерінің қызметкерлері және медиктер. Билік өкілдерінің болжамынша, қалған халыққа вакцина алдағы жазда егіледі.