Иордания өз аумағындағы сириялық босқындарға вакцина салды

Иорданияның шығысында cириялық мигранттарды вакциналау басталды. Алғашқылардың қатарында 43 қарияға екпе салынды. Жалпы бұл лагерьде 78 мыңға жуық сириялық мигрант бар. Бірақ вакцина алуға олардың әзірге 2 мыңы ғана тіркелген.

Айта кетейік, Иорданиядағы босқындардың 80 проценті қалалық жерлерде тұрады. Сондықтан олар жергілікті емханаларда екпе салдыра алады.

Фатима Әбдел-Кәрім, 81 жастағы босқын:

- Бұл коронавирустан қорғайды. Өзі дайын әрі тегін болса, вакцинаны неге салдырмасқа?! Барлық адамдарды екпе алуға шақырамын.

Мұхаммед Әл-Тахир, БҰҰ Босқындар агенттігінің өкілі:

- Бұл іс-шараны Иордания үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар агенттігі бірлесіп жүзеге асыруда. Адам көп жиналмас үшін мигранттарды вакциналау орталығына аз көлемде біртіндеп әкеліп жатырмыз. Екпе алған адамдардың бойында қажетті иммунитет қалыптасады деп сенеміз.

Иорданияда Ирактан келген босқындар да көп тұрады. Олар да екпе алып жатыр. Жалпы бұл елде тұрғындарды вакциналау науқаны осы аптада басталған болатын. Үкімет бірінші кезекте 10 миллион 500 мың адамның 20 процентін егуді жоспарлап отыр.