414,36 504.70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Францияда коменданттық сағат енгізіледі

  • 122
  • UPD: 14:19, 15.01.2021

Франция Оңтүстік Африка Республикасында шыққан коронавирустың жаңа штамының таралуына байланысты елге кіру тәртібі қатаңдатылады. Енді ЕуроОдақтан бөлек елдердің азаматтары осы республикаға барса, бір апта карантинге жабылады. Елде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты билік шектеулерді де қатаңдатты. Елдің бүкіл аумағында жаңа коменданттық сағат енгізіліп, кинотеатрлар мен мұражайлар белгісіз уақытқа жабылады.

Францияда коронавирустың жаңа штамдары мен науқастар санының артуына байланысты жергілікті билік шектеу шараларын қатаңдатуды шешті. Үкімет елдегі жағдайдың Ұлыбританиядағыдай ушыға түсе ме деп алаңдайды. Себебі осы елден тараған ковид-19-дың жаңа штамы Францияда тез тарай бастаған. Вирустың жаңа түрі күніне 200-300 тұрғыннан анықталуда.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

- Францияда коменданттық сағат уақыты өзгертіледі. Енді бүкіл ел аумағында тәртіп кешкі сағат 6-дан бастап қолданылады. Шара ертеңнен бастап күшіне еніп 15 күнге созылады. Мұндай тәртіп осы уақытқа дейін вирус ең көп таралған 25 департаментте қолданылып, ондағы дертті жұқтыру дерегі біршама бәсеңдеген болатын. 

Францияда шекараны бақылау да қатаңдатылады. Оған сай енді бұл елге Еуроодақтан тыс жерлерден келген азаматтардың бәрі ПТР тест тапсырғаны жайлы анықтамасы болуымен қатар 1 аптаға оқшауланады. 7 күнгі оқшауланудан кейін тағы тест тапсырады. Бұдан бөлек елдегі барлық мектеп мұғалімдері мен оқушыларды тестілеу жүргізілмек. Себебі оқу орындарында коронавирусты жаппай жұқтыру деректері тіркелуде. Алайда билік мектептерді әлі жабуға асығар емес. Ал жоғарғы оқу орындарында студенттерінің басым бөлігі қашықтан оқуды жалғастырады. Тек бірінші курс студенттері оқу орындарына оралуы ммүкін.

Камий Менье, студент:

- Локдауннан көрі сағат 6-дан басталатын коменданттық сағат дұрыс. Алғашқы екі қатаң карантин студенттер үшін ауыр болды. Алдағы уақытта оқу орындары қалыпты режимге көшеді деп үміттенемін.

Францияда алдағы дүйсенбіден бастап 700 вакциналау орталығы жұмыс істейді. 75 жастан асқан қарттармен қатар созылмалы ауруы бар азаматтар да егіледі. Осы айдың соңына дейін 1 миллион тұрғынды вакциналау көзделіп отыр. Бірақ билік елдегі эпидемиологиялық ахуал нашарлай түссе үшінші локдаун енгізілетінін ескертіп жатыр.

Авторлар: Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан

Хабар 24 телеарнасы