Индонезияда зілзаладан көз жұмғандар саны артты

Индонезияның Сулавеси аралында болған зілзаладан көз жұмғандар саны 35 адамға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүздеген тұрғын жарақат алған. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, үйінді астында тірі адамдар қалуы мүмкін. Іздеу-құтқару жұмысы жалғасуда. Зілзаладан және кейін болған 26 жер дүмпуінен 300-ден астам үй мен 2 қонақүй жермен-жексен болды. Цунами қаупі туралы дабыл болған жоқ. Бірақ құзырлы органдар жерасты дүмпулері қайталануы мүмкін деп ескертті. Индонезиядағы 6,2 балдық зілзала кеше болған еді.

Нурдин Абдулла, Оңтүстік Сулавеси провинциясының губернаторы:

– Біз апат орнына дереу келдік. Денсаулығына нұқсан келген барлық адамды Макасар қаласына тікұшақпен жеткіземіз. Себебі құрлықпен қатынау әзірге мүмкін емес. Сондай-ақ теңіз арқылы тасымалды күшейтеміз. Зардап шеккендерге барлық қолдау мен қамқорлық көрсетіледі.