Трамп жаңа президентті ұлықтау рәсіміне қатыспайтынын мәлімдеді

АҚШ-та алдағы аптаның сәрсенбісінде өтетін Джо Байденді ұлықтау рәсіміне дайындық қызу жүріп жатыр.

Алайда дәстүрлі шеру мен жаңа президенттің халықпен кездесуіне емес, болуы мүмкін тәртіпсіздіктерге қарсы қам жасалуда. Капитолий тағы темір шарбақпен қоршауға алынды. Мемлекеттік мекемелерді күзету үшін Ұлттық ұланның мыңдаған сарбазы тартылды.

Бұл - өткен аптада Дональд Трамптың жақтастары салған лаң. Қарулы топ Конгресс ғимаратына бұзып-жарып бір-ақ кірген. Енді қазір бұл маңды әдеттегідей бірнеше күзетші емес, жүздеген сарбаз күні-түні қарауылдап жүр. Тіпті олар еденде түнейді. Ұлықтау рәсіміне дейін қауіпсіздікті 15 мыңнан астам әскер қамтамасыз етпек.

Александра Яффе, Associated Press саяси шолушысы:

- Иннаугурация комитеті жариялаған ұран «Біртұтас Америка» деп аталады. Бұл Джо Байден әуелде сайлауалды науқанында айтқан үндеуге дөп келеді. Бірақ Капитолийдегі бүліктен кейін америкалықтарды біріктіру оңай болмай отыр.

Жергілікті тұрғындар Вашингтонда іс жүзінде әскери жағдай орнады дейді. Конгресс маңайы темірмен қоршалып, тікенек сымдар тартылды. Көптеген ескерткіш мен мәдени көрнекі орын жабылды. Билік халықты көшеге беталды шықпауға үндеп әлек.

Александра Яффе, Associated Press саяси шолушысы:

- Байден тұрғындардан коронавирус індетіне байланысты үйде отыруды өтінді. Сондықтан ұлықтау рәсімі өтетін күні біз көшеде президентке қол бұлғаған жайдары халықты көре алмайтын сияқтымыз.

Джо Байденнің өзі Капитолийде халыққа ант беруден еш қорықпайтынын жеткізді. Ал атышулы Дональд Трамп жаңа президентті ұлықтау рәсіміне қатыспайтынын мәлімдеген. Сондай-ақ ол басқа америкалықтарды Вашингтонға бармауға шақырды. АҚШ-тың Федералды барлау бюросы ел астанасында және өзге қалаларда қару ұстаған адамдардың наразылық шеруіне шығуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Авторы: Ернат Мелсұлы

Сондай-ақ...