Германияда екпе салынған адамдарға арнайы төлқұжат немесе сертификат берілмейтін болды

Германияда халықтың 1 процентіне коронавирусқа қарсы екпе салынды.

Ел тұрғындарының жартысынан көбі вакцина алуға қарсы емес. Сондай-ақ Германияда екпе салынған адамдарға арнайы төлқұжат немесе сертификат берілмейтін болды.

80 миллион халқы бар Германияда вакциналау бойынша әлі де көп жұмыс атқарылуы тиіс. Әзірше 16 өңір арасында Бавария алда келеді. Мұнда 170 мың адамға екпе салынды. Ал ел астанасы - Берлинде вакцина тек 38 мың адамға егілген. Алайда алғашында күн сайын 20 мың екпе жасау көзделген еді. Десе де вакцина егу міндеттелген жоқ, мұны әр адам өзі шешеді. 

Харальд Маттес, клиника директоры:

- Клиникамыз аса үлкен емес. 400 төсек орын мен 900 қызметкеріміз бар. Дегенмен вирус жұқтырған көп науқасты емдеп жүрміз. Сондықтан бізге вакцинаның 261 данасы бөлінді, бұл қызметкерлеріміздің үштен бір бөлігіне екпе салуға жетеді.

Катрин Хольцнер - хирург. Ол вакцина алуға еш күмәнсіз келіскен адамдардың бірі. Тек осы жолмен ғана вирусты жеңуге болады дейді.  

Катрин Хольцнер, хирург:

- Жан сақтау бөлімдеріне түскен ауыртпалық азаяды деп ойлаймын. Пандемиямен әлі де ұзақ күресуге тура келеді. Жағдайды қалыптастыру үшін уақыт қажет. Жасы үлкен адамдардың көбі сыртқа шығуға қорқады. Енді мұның бәрі аяқталатынына үміт туды деп санаймын.

Алайда медиктердің барлығы вакцина егуге дайын емес. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, әрбір төртінші дәрігер өзіне екпе салғысы келмейді. Басты себеп - жаңа препараттың әлі толық зерттелмегені. Соңғы мәліметтер бойынша Германияда екпе салған 10 адам қайтыс болды. Комиссия осы оқиғаларды тексере бастады. Алайда сарапшылардың айтуынша, созылмалы ауруларға шалдыққан егде жастағы адамдардың өлімін тікелей вакцина егумен байланыстыруға болмайды. Алайда кейбір саясаткерлер медицина қызметкерлері мен қарттарға күтім жасайтын адамдарға вакцина егуді міндеттеу керек деп санайды. Елде ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін 50 миллион адамға екпе салу қажет. Үкімет барлығын вакцинамен қамтамасыз етуге уәде берді. Тек Модерна концерні ғана осы тоқсанның аяғына дейін Германияға препараттың екі миллион данасын жеткізуге дайын.

Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский