Бейжіңде 1,5 млн тұрғынға вакцина салынды

Қытайда коронавирустың ушығуына байланысты жаппай вакциналау жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шығыс күнтізбесіндегі жаңа жылға дейін 50 млн тұрғынға екпе салынуы тиіс. Бейжіңде 1,5 млн-ға жуық тұрғын вакцина алып үлгерген. Олардың қатарында дәрігерлер, қоғамдық қызметкерлер, әуежай мен вокзалдар жұмысшылары бар. Мемлекет өз азаматтарына екпені тегін жасайды. Арна тілшісі вакцинация бекеттерінің біріне барып қайтты.

Ботағөз Сырғабаева, тілші:

- Бейжіңде мұндай бекеттер саны 200-ден асады. Оған жергілікті тұрғындардан бөлек, түрлі ұйым қызметкерлері де келеді. Вакцинаны салып үлгеру үшін,һ уақытша орталықтар да ашылған. Арнайы бекет 6 бөлімнен тұрады. Оның бірінде дене қызуы өлшесе, екіншісі сізді тіркейді. Егер қарсы көрсеткіштер болмаса, вакцина жасау процедурасына өтесіз.

Чжэн Хунвэй, жалпы тәжірибелік дәрігер:

- Біз күнде 1000-ға жуық адамға екпе саламыз. Кейбірінің қызуы көтерілсе, кей адамдар өзін әлсіз сезінуі мүмкін. Дегенмен, ондай жағдайлар сирек тіркеледі. Осы күнге дейін күрделі жағдайлар туындаған емес.

Бұл жер оқыс жағдайларға дайын. Алғашқы медициналық көмек көрсету үшін арнайы аймақ жабдықталған. Сыртта жедел жәрдем қызметкерлері кезекшілік етеді. Ал, өзге аймақта вакцина салынған тоңазытқыштар бар. Ол қауіпсіздік мақсатында ешкімге көрсетілмейді. Әрі оның температурасы 2-ден 8 градусқа дейін қатаң сақталады.

Го Шубинь, профессор, Бейжіңдегі «Чаоян» клиникасының қызметкері:

- Ережеге сәйкес, Қытайда вакцина екі рет егіледі. Екпе аралығы 14 күнді құрайды. Екінші дозаны қабылдағаннан кейін шамамен бір ай ішінде иммунитет қалыптасады. Бұл басқа ауруларға қарсы вакциналарға да қатысты құбылыс. Вирус пен оған қарсы вакцина біз үшін жаңа құбылыс болған соң оның әсері жайлы айтуға әлі ерте деп ойлаймын.

Тек осы бекеттің өзінде күніне 3000-ға жуық адам екпе салғызады. Оларға «Синофарм» компаниясының вакцинасы егіледі. Препаратты Қытай үкіметі мақұлдаған. Жыл соңына дейін оның өндірісін бір жарым миллиард дозаға дейін ұлғайту жоспарда бар. Себебі ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін кем дегенде тұрғындардың 85%-іне вакцина салу керек.

Авторы: Ботағөз Сырғабаева