Индонезияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны артты

Индонезиядағы жер сілкінісінен мерт болғандардың саны 46-ға жетті.

Жергілікті билік марқұмдардың қатары тағы артуы мүмкін деп отыр. Апаттан 820 адам түрлі жарақат алған. Олардың 200-ден астамы ауруханаларда ем қабылдауда. Қауіпті аймақтарда құтқару-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар мерт болғандарды үйінділер астынан шығаруда.

Еске сала кетейік, өткен түнде Индонезияның Сулавеси аралында 6,2 балдық жер сілкінісі болды. Зілзала ошағы осы аралдың Мамуджу қаласынан 36 шақырымдай жерде тіркелген. Алғашқы сілкіністен кейін ондаған дүмпу қайталанған. Табиғат апатынан 300-ден астам үй мен өзге де ғимарат бүлінген, кей жерде лай көшкіні жүрген. Шамамен 15 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Нур Самсиа, жергілікті тұрғын:

- Апаттан менің үшінші ұлым мерт болды. Ол осы маңдағы ауруханада жұмыс істейтін. Зілзала басталғанда ғимараттың бірінші қабатында болды. Жер сілкінісі күтпеген жерден басталды. Сыртқа шығып үлгірмеген. Үйінділер астында қалып қойды.