Индонезияда жер сілкінісінен мерт болғандардың саны артты

Индонезияның Батыс Сулавес провинциясында болған жер сілкінісінен мерт болғандардың саны 56-ға өсті.

Табиғат апатынан зардап шеккендердің қатары 826-ға жетті. Қазір апат орын алған аймақта құтқару-іздестіру операциясы жалғасып жатыр. Сейсмологтар зілзаладан кейін тағы 28 жер асты дүмпу тіркелгенін айтады. Жергілікті билік аймақта төтенше жағдай режимін жариялады. Апаттан зардап шеккендерге ең қажетті заттар жеткізіліп жатыр.

Естеріңізге салайық, Индонезияның Сулавеси аралында 6,2 балдық жер сілкінісі болған еді. Табиғат апатынан 300-ден астам үй мен өзге де ғимарат қираған, кей жерде лай көшкіні жүрді. Шамамен 15 мың адам баспанасын тастап, қауіпсіз жерге көшірілді.