Еуропа елдері қалың қар құрсауында қалды

Германияның оңтүстік-батыс өңірі қалың қар құрсауында қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, табиғаттың тосын мінезінен 72 жастағы әйел қаза тапты. Кейбір аудандарда ақ ұлпаның бір айлық мөлшері жауған. Қалыңдығы 1,5 метрге дейін жетеді. Салдарынан тас жолдар жабылып, көлік қатынасы тежелді. Құтқарушылар бірнеше күн бойы арнайы техниканың көмегімен жолдарды тазалаумен әлек болды.

Франция астанасы Парижде де биылғы жылдың алғашқы қары жауды. Жергілікті жұрт бұған дән риза. Алайда тұрғындар коменданттық сағаттың кесірінен сыртта серуендеп, аққала жасап, қыстың қызығын көруден қапы қалдық деп шағымданады. Францияның барлық аумағында коменданттық сағат кешкі сағат 18:00-ден басталып, таңғы 06:00-ге дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында халық себепсіз сыртқа шыға алмайды.