Кореядағы жаңа жыл мерекесі: билік індеттің өршуіне дайындалуда

Оңтүстік Кореяда коронавирусқа қатысты ахуал әлі де алаңдатарлық. Мұнда бір аптадан бері күніне 500-ге жуық адам COVID-19 жұқтыруда. Дегенмен, дәрігерлер коронавирустың үшінші толқыны бәсеңдеп келеді деп отыр. Сондықтан бүгіннен бастап кейбір ойын-сауық мекемелерінің жұмысына қойылған шектеулер алынып тасталады. Оңтүстік Кореяда оң динамика байқалады. Оған не әсер етті?

Владислав Цой, тілші:

- Үкімет COVID-19 жұқтырғандар санының төмендеуіне кез келген жиынға төрт адамнан көп қатысуға тыйым салу оң әсер етті деп санайды. Бұл шектеу орындалмаған жерде індет ошақтары пайда болды. Мысалы, Солтүстік Кёнсан провинциясындағы діни мекемелердің бірінде өткен іс-шараға 3 мыңнан астам адам қатысты. Кейін осы акцияның жеті жүз алпыс үш қатысушысында коронавирус анықталды. Әлі мыңнан астам адам COVID-19-ға тестілеуден өтпеген. Дәрігерлер эпидемиологиялық жағдай жақсарғанымен арқаны кеңге жаюға әлі ерте деп отыр. 

Сон Ён Рэ, Корея Республикасының денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің өкілі:

- Індет көбіне дертті жұқтырғандар арқылы тарап жатыр. Олардың үлесі 45 процентті құрайды. Жалпы үшінші толқын біртіндеп бәсеңдеп келеді. Мекемелерде вирусты жаппай жұқтыру азая түсті. Бірақ күніне 516 адамның вирус жұқтыруы  жоғары көрсеткіш. Сондықтан жағдай әлі алаңдатарлық.  

- Егер коронавирусқа қатысты жағдай қиын болса, онда шектеулер неге алынып тасталды? 

Владислав Цой, тілші:

- Өйткені кәсіпкерлер шығынға шаш етектен батып, тығырыққа тірелді. Спортзалдар мен фитнес-орталық иелері өз нысандарын жабуға наразылық білдірді. 153 адам үкіметтен 765 миллион вон көлеміндегі шығынды өтеуді талап етіп, сотқа шағым түсірді. 

Бұл 704 мың доллардан асады. Біз қазір туристер арасында танымал Мёндон базарында тұрмыз. Көріп отырғаныңыздай, сауда нүктелерінің барлығы дерлік жабық. Олардың кейбіреулері банкротқа ұшырады. Осындай кәсіпкерлерге көмектесу үшін билік оларға жұмыс істеуге рұқсат беру туралы шешім қабылдады. Сеулдегі дәмханалар, спортзалдар, жекеменшік мектептер, балабақшалар мен караоке-клубтар жұмысын жалғастыра алады. Олардың иелері барлық санитарлық шараларды сақтауы тиіс. Бір келушіге 8 шаршы метр кеңістік болу керек. Кешкі 9-да олардың барлығы жұмысын тоқтатуы шарт. Залдарда зумба және аэробика сабақтарын өткізуге тыйым салынады. Сеулдегі шіркеулерге адамдарды қабылдауға рұқсат берілді, бірақ келушілер санына шектеу бар. Және ғимараттың ішінде ән айтуға, тамақтануға болмайды. Бұл ережелерді бұзғандарға алдымен ескерту жасалады, егер тыйым тағы бұзылса, ұйым 10 күнге дейін жабылады. Билік індеттің жаңа өршуіне дайындалып жатыр, өйткені 12 ақпанда ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталады. Бұл Кореяда бір аптаға жуық тойланатын ең ауқымды мереке. Әдетте бұл кезде халық шалғайдағы туыстарын аралайды. Сондықтан үкімет 1 ақпаннан 14 ақпанға дейін жүрдек магистральдарда жүру ақысын төлеу керек деп шешті. Автокөлік жолдарының бойындағы кафелерде тамақтануға тыйым салынған. Пойыздарда терезе алдында отыруға рұқсат етіледі, ал паромдар тек жартысына толы болуы тиіс.