419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайда бір адам коронавирусты 102 тұрғынға жұқтырды

  • 133
  • UPD: 14:01, 18.01.2021

Қытайда симптомсыз науқас коронавирусты бірден жүзден астам адамға жұқтырды. Бұл туралы жергілікті билік хабарлады. Осылайша «Ковид-19»-ға шалдыққандар саны еселеп артуда. Соңғы бір күннің өзінде 200-ден астам науқас тіркелді. 115-інің симптомы жоқ. Коронавирустың таралуына не себеп және Қытайда екінші толқын болуы мүмкін бе?

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Індеттің ел ішінде таралу жағдайы бір мезетте бірнеше аймақта тіркелуде. Жергілікті Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, вирустың таралуына шетелден жұқтырып әкелу немесе мұздатылған импортты өнім себеп болуда. Қазір індетпен күрестің белгілі бір тетігі қалыптасты. Бір жерде алғашқы науқастар тіркелген бетте олар бірден оқшауланады және тест алынады. Ал егер жұқтыру жағдайы жаппай таралса, тұтас қаланы оқшаулайды. Мысалы, мұндай жағдай Хэбэй провинциясында тіркелді. Жаппай тестілеу бірінші рет жүргізіліп отырған жоқ. Хэбэйдің әкімшілік орталығы Гаочэн ауданында халықты тексерудің төртінші кезеңі жүріп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл шаралар инфекцияның таралуын тежеуге көмектеспек.

Го Шубинь, Бейжіңдегі Чаоян емханасының профессоры:

- Қытайда қолданылып жатқан індетке қарсы қатаң шаралар тұрғысынан алсақ, Уханьдағыдай жағдай қайталана қоймас. Дегенмен, бүкіл әлемдегі жағдайдың беталысы жаман. Сондықтан Қытайда сырттан жұқтырып әкелу немесе тауарлардан жұғу жағдайы әлі тіркеле бермек. Соңғы зерттеулер вирустың тек адамнан адамға ғана емес, сондай-ақ заттан адамға да жұғатынын көрсетіп отыр. Қытайда індетке қарсы өте тиімді шаралар қабылдануда. Сондықтан екінші толқынның болуы екіталай.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Әдетте Қытайда індеттің таралуын жоюға бір айдай уақыт кетеді. Сарапшылардың ойынша, Хэбэй провинциясындағы жұқтыру деңгейінің жоғары болуы вирустың қараша айының соңында алғаш тарала бастауымен байланысты. Үйлену тойларына белсенді қатысқан ауыл тұрғындары жағдайды ушықтырып жіберді. 20 процент жағдай тойлармен байланысты. Енді Хэбэйде үйлену тойларын, қаралы жиындар немесе басқа қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырғандар қылмыстық шараға тартылады.

Инфекция шыққан басқа аймақтардағы жағдай қалай болып жатыр?

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Індеттің тағы бір ошағы Хэйлунцзян провинциясында тіркелді. Бұл аймақ Ресеймен шекарада орналасқан. Хэбэйдегі жағдайға ұқсас. Індет негізінен ауыл адамдарының арасында таралған. Мұнда да локдаун жарияланып, халықтан жаппай тест алынып жатыр. Цзилинь провинциясында Хэйлунцзян тұрғыны қарт адамдарға лекция оқыған. Салдарынан жүзден астам адам індет жұқтырды. 

Чжао Цинлун, Цзилинь провинциясы төтенше жағдайлар кеңсесінің директоры:

- Суперинфекцияның негізгі себебі індет таратушы енді ауыра бастаған. Вирус анықталған сәтте біраз асқынған екен. Адамдар оның лекциясын ұзақ уақыт тыңдаған. Оның үстіне қатысқандардың көбі түрлі ескі ауруы бар, иммунитеті әлсіз қариялар.

Бірақ мұнда жұқтырушы аса көп емес. Сонда да қатаң шаралар енгізілді. Шуньи ауданына және ішінде такси жүрмейді. Такси жүргізушілеріне жаппай вакцина салынып жатыр. Сондай-ақ қазірдің өзінде тамақ пен сәлемдеме жеткізетін жедел қызметтің 80 мың қызметкері екпе қабылдады. Жалпы Бейжің бойынша 1 миллион 700 мың тұрғынға препарат егілген. Билік үшін ел астанасында індеттің таралу жағдайын тұрақты бақылауда ұстаған маңызды дейді. Сондықтан олар тұрғындарды айтізбесі бойынша жаңа жылды қалада қарсы алуға шақыруда. Оның үстіне Қытай наурызда өтетін Парламент сессиясына қызу дайындық үстінде. Бұл кезде Бейжіңге елдің түкпір-түкпірінен мыңдаған делегат келуі тиіс. Аталған жиын ішкі саяси маңызды іс-шара. Былтыр індетке байланысты оны мамыр айына шегерген болатын.

Хабар 24 телеарнасы