427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Украинада көгілдір отын тарифі дау тудырды

  • 217
  • UPD: 13:50, 18.01.2021

Украинада Жарты жылдың ішінде тұрмыста тұтынатын газ бағасы 3 рет көтерілді. Бірінші қаңтардан бастап көгілдір отын тағы 14 процентке қымбаттаған. Елдің бірқатар ірі қалаларында газ тарифіне қатысты қарсылық акциялары ұйымдастырылды.

Бір жыл бұрын ғана Украинада ел тұрғындарына арналған газ нарығы жұмыс жасай бастаған. Ашық газ нарығы дегеніміз - мемлекет тұрмыста тұтынатын газдың бағасын реттемейді, керісінше тұтынушы көгілдір отынды кімнен сатып алатынын өзі таңдауға құқылы. Мемлекетте 12,5 млн тұрмыстық газды тұтынушы бар десек, оларға отын сататын 50-ге жуық компания қызмет көрсетуі жоспарланған. Алайда соңғы жарты жылда газ бағасы үш рет қымбаттады. Украинаның Киев, Харьков, Одесса, Винница, Херсон мен Чернигов қалаларында жаңа тарифке қатысты қарсылық акциялары өтті.

Геннадий Кобаль, энергетика саласының маманы, аналитикалық компанияның басшысы:

- Жазда ғана газ бағасы арзан еді. Атап айтқанда, бір текше метр отынның құны 3-4 гривна еді, қазір бұл сан 10-ға жетті. Мұндай бағаны төлеуге қоғам мүлдем дайын болмай шықты. Сондықтан ірі қаладан бастап, аудан, ауылдарда қарсылық акциялары өтті. Енді міне Үкімет бұл тығырықтан шығудың жолдарын қарастыруда. Бір ретте тұрғындар ғана емес, газ тасымалдаушы компаниялар үшін де қолайлы баға орнатылуы тиіс.

Украинаның энергетика министрлігі «бірінші ақпаннан бастап, әлеуметтік аз қамтылған тұтынушылар үшін бағаны одан әрі өсірмей ұстап тұрайық» деген ұсыныс айтты. Алайда ел тұрғындары биліктің мұндай жоспарын мардымсыз деп есептейді. Мәселен, газ қымбаттаса, басқа коммуналдық төлем мен азық-түліктің де бірге шарықтап шыға келетіні бар.

Александр Полищук, Киев қаласының тұрғыны:

- Әрине біз отын бағасының қымбаттағанын бірден сездік. Газ бір ғана емес, бірнеше салаға бірден әсер етеді. Қуат көздері, су бағасы да бір орында тұрмайды. Текше метрдің құны бірден бірнеше есеге артқанда, әрине қорқыныш пайда болады. Тұрғындардың көбі ашуланып, не ақшасы жетпей, мүлдем төлемей қоюы да мүмкін.

Украинадағы газ құны тікелей еуропалық хабқа тәуелді, сондықтан газ бағасы ай сайын құбылып отыратыны заңдылық екен. Бұл ретте тұрғындар мемлекеттен карантин кезінде көгілдір отынның бағасын тұрақты ұстап тұруға көмектесуін сұрайды. Атап өту керек, Украинада 8-24 қаңтар аралығында коронавируске қатысты қатаң карантин режимі енгізілген. Елде жанармай бекеттері, банк саласы, пошта мен азық-түлік дүкені және дәріхана жұмыс жасайды, мектеп, ЖОО, сауда орталықтары, фитнес залдар және мейрамхана мен кафе, барлар жұмысын әзірге тоқтатты.

Авторлар: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы