Бразилияда алғашқы вакцина медбикеге салынды

Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы 54 жастағы медбике алғашқы вакцинаны салдырды. Осының алдында ғана жергілікті Санитарлық қадағалау жөніндегі ұлттық агенттік қытайлық «КоронаВак» пен британиялық «АстраЗенеканы» мақұлдаған болатын.

Ел билігінің мәлімдеуінше, Бразилия күніне 1 миллион тұрғынды вакциналай алады. Жаппай екпе салу науқаны 20 қаңтарда басталмақ. Қазір препарат барлық штаттарға жеткізіліп жатыр. 

Жуау Дориа, Сан-Паулу губернаторы:

- Бұл елеулі жеңіс, бұл өмір жеңісі. Бұл вакцинаны жоққа шығарушыларға сабақ болуы тиіс. Бірінші кезекте екпенің 50 мың дозасы Амазонас штатындағы дәрігерлерге жіберіледі. 

Осының алдында Бразилия билігі Ресейдің «Спутник Ви» вакцинасынан бас тартқан болатын. Естеріңізге сала кетейік, бұл ел коронавирус жұқтырушылар саны бойынша әлемде үшінші орында тұр. Мұнда 209 мыңнан астам тұрғын індеттен қайтыс болып, 8 жарым миллиондай адам шалдыққан.