Индонезияның бірнеше өңірін су басты

Соңғы күндері Индонезия қатарынан бірнеше жойқын табиғи апатты бастан кешті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Толасыз жауған нөсер соңы су тасқынына ұласып, Батыс Сулавеси мен Оңтүстік Калимантан өңірлерін су алып кетті. Associated Press ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 80-нен аса адам қаза тапқан. Апатты аймақтың 70 мыңдай тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Қаңтардың он бесінде Батыс Сулавеси өңірінде күші 6,2 балға жеткен зілзала болған еді. Жер сілкінісінен бір мыңнан аса үй қирап, құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Елдің метерологиялық агенттігі алдағы апталарда су тасу мен лай көшкіні жүру қаупі сақталатынын ескертті.

Еске алып кетсек, Индонезияда жыл сайын қараша мен мамыр айлары аралығында маусымдық жаңбыр жауады.

Ризки Вати, жергілікті тұрғын:

– Жер сілкінгенде баламды құтқаруға тырыстым. Әрең дегенде қираған үйден шыға алдық. Көмекке мұқтажбыз, бізге азық-түлік пен балаға қажетті заттар керек.