423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қытай – 2020 жылы экономикасы өскен әлемдегі жалғыз ел

  • 500
  • UPD: 22:38, 18.01.2021

Бүгін Қытай мемлекеттік статистика комитеті өткен жылдың экономикалық көрсеткіштерін жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

2020 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 2,3 процентке артқан. Бұл 1976 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Алайда пандемия өршіген жылы Қытай экономикасы өскен әлемдегі жалғыз ірі ел болды.

Соңғы жылдары елдің экономикалық өсу қарқыны бәсеңдеп келе жатқан, алайда 6 проценттен төмен түспеген. 2020 жылдың бірінші тоқсанында Қытай экономикасы құлдырады. Дегенмен ел билігі коронавирус індетіне қарсы қатаң шаралар қабылдап, эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырды. Осының арқасында ел экономикасы тез арада қалпына келе бастады.

Нин Цзиже, Қытай ұлттық статистика бюросының директоры:

– Алғашқы есебіміз бойынша, өткен жылы жалпы ішкі өніміміз 1 триллион 581 миллиард 55 миллион долларды құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 2,3 процентке өсті. Ал тоқсандарға бөліп қарасақ, жылдың бірінші ширегінде 6,8 процентке кеміді, екінші тоқсанда 3,2 үшінші ширекте 4,9 және соңғы тоқсанда 6 жарым процентке артты.

Қытай 2020 жылы экономикалық тоқыраудан аман қалған әлемдегі жалғыз ел болды. Індет дендеп тұрған өзге мемлекеттердің өндірістік тізбегінде іркілістер болып, қытайлық тауарларға сұраныс артты. Тіпті экспорт көлемі де өсті. Індеттің таралуына тосқауыл қойған Қытай үкіметі экономикасын ынталандыру мақсатымен инфрақұрылым мен жылжымайтын мүлікке инвестиция көлемін арттырды. Пандемияға қарамастан, билік өкілдері биыл елде кедейлікті толығымен жойғанын баяндады.

Нин Цзиже, Қытай ұлттық статистика бюросының директоры:

– Екіншіден біз елдегі кедейлікті толығымен жеңдік. Тұрмысы нашар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырдық. Осы тізімде болған 832 ауылды мекен кедейлік құрсауынан шықты. Бұл тарихи жетістік.

Жақында елдің оңтүстік-батысында орналасқан Гуйчжоу провинциясы кедейлікпен күресте көздеген мақсатына жеткенін жариялады. Осы өңірдегі 9 аудан кедей аймақтар тізімінен алынған соңғы елді мекен болды. Қытай үкіметі ең маңызды мақсаттарының бірі орта табысы бар қоғам құру мақсатына жетті. Ал өзге ірі елдердің өндірісі қысқарғандықтан, жалпы әлем экономикасындағы Қытайдың үлесі айтарлықтай өсті. Осылайша бұл ел АҚШ-ты озып кету мақсатына көздеген мерзімінен ерте, 2028 жылы жететін түрі бар. 

Бекболат Тұрмаханов

Хабар 24 телеарнасы