COVID-19: Германия жаңа мутация туралы мәлімдеді

Әлем елдері бірінен соң бірі коронавирустың жаңа штамы тіркелгені туралы хабарлап жатыр.

Бірнеше сағат бұрын Германия билігі де мүлде жаңа мутация туралы мәлімеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол елдің оңтүстігіндегі ауруханалардың бірінде тіркелген. Қазір көп елде анықталған вирус британдық штамға жатады. Ол өте тез тарайды. Бельгияда да британдық штамның ошағы тіркелді.

Соңғы деректер бойынша британдық штамм әлемнің 50-ден аса елінде тіркелген.

Лос-Анджелесте деректер саны миллионнан асты

Жалпы Берлиндегі Шарите медицина университетінің мәлімдеуінше, әлемде коронавирустың 12 мыңнан аса мутациясы тіркелген екен. Бұл әрине үлкен сан. Бірақ мамандарды британдық штамм қатты алаңдатып отыр. Өйткені ол корольдіктің өзінен бөлек, басқа елдерде тез тарап барады. Мәселен, Лос-Анджелестегі ахуал күрделі. Ол АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны бір миллионнан асып кеткен алғашқы өңірге айналды. Сарапшылар «сұмдықтың бәрі алда» дейді. Өйткені мұнда жаңа штамм тіркелді. Енді жағдай бұдан да бетер ушығып, деректер саны әлдеқайда артады деген күдік бар.

Қыркүйекке дейін барлық тұрғынға екпе салынады

Ұлыбританияның өзінде де жағдай мәз емес. Мұнда әр 30 секунд сайын ауруханаға коронавирус жұқтырған жаңа науқас түседі. Қазір вакциналау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы күнге дейін екпе 3 жарым миллион тұрғынға салынған. Билік бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіміз деп отыр. Көктемнің басына дейін осал топқа кіретін тұрғындардың түгелі дерлік, дәлірек айтсақ, 99 процентіне коронавирусқа қарсы вакцина егілуі тиіс. Ал қыркүйекте жасы 18-ден асқан британдықтардың түгелі екпенің кем дегенде бірінші дозасын алады.

Доминик Рааб, Ұлыбритания сыртқы істер министрі:

– Біздің мақсатымыз – қыркүйекке дейін әр тұрғынға коронавирусқа қарсы екпе салынуын қамтамасыз ету. Біз мұны ертерек іске асыруымыз да мүмкін. Қазірдің өзінде жасы 80-нен асқан азаматтардың жартысынан астамына екпе егілген. Әрбір вакциналау арқылы біз қалыпты өмірге қайта оралуға бір қадам жақындай түсеміз. Коронавирустың жаңа штамдары екпенің тиімділігін төмендетпеуі тиіс. Бірақ бұл мәселеге қатысты зерттеулер әлі жалғасады.

Бельгияда халыққа вакцина салу жұмыстары 28 желтоқсанда басталған. Алайда осы күнге дейін екпе алған тұрғындардың үлесі тек бір процентке ғана жуықтайды. Соңғы 24 сағатта елде коронавирустың британдық штамын жұқтырғандар саны көбейген.

Британдық штамм жұқтырған 3 науқас көз жұмды

Жанат Эрнст, тілші:

– Бірнеше сағат бұрын Батыс Фландрияда британдық штамның ошағы анықталды. Ипр маңындағы шағын қалашықта оны 128 адам жұқтырған. Солардың үшеуі көз жұмған. Сарапшылар үшінші толқын басталды деп отыр. Сондықтан билік шектеу шараларын күшейтпек. Осы сағаттарда министрлер комитетінің шұғыл отырысы өтіп жатыр. Ал мен қазір Брюссельдегі тестілеу орталығының бірінің алдында тұрмын. Шетелден келгендердің барлығы осы орынға тест тапсыруға жіберіледі.

Шекараны жабу туралы әлі ештеңе айтылған жоқ. Бірақ қазір өтіп жатқан шұғыл отырыс алдында денсаулық сақтау министрі Бельгия азаматтарын сақтыққа салғырт қарамауға шақырды. Әйтпесе олардың шетелге шығуына шектеу қойылуы мүмкін екенін айтты. Негізі қатаң локдаун 1 наурызға дейін ұзартылған. Сонымен қоса елде коменданттық сағат ұзартылған.

Үшінші локдаун жарияланды 

Австрия билігі ел аумағына коронавирустың жаңа штамы енуі мүмкін деп алаңдап отыр. Сондықтан үшінші локдаун жарияланды. Шектеу шаралары 7 ақпанға дейін сақталады. Елде тәулік бойы коменданттық сағат енгізілді. Үйден шығу үшін нақты себеп болуы тиіс. Ал оқушылар мен студенттер онлайн оқиды. Билік тұрғындарды барлық шектеу шараларын қатаң сақтауға шақырды.

Себастьян Курц, Австрия канцлері:

– Алдағы апталардағы жағдай көптеген кәсіпкер, ата-аналар, балалар және бәріміз үшін қиын болатынын түсінуіміз керек. Бірақ бұдан біз ұтылмаймыз. Егер карантинді қазір жарияламасақ, онда індетті жұқтыру жайы ушығып, локдаунды бұдан да ұзақ уақытқа ұзартуға мәжбүр боламыз.

Тестсіз тысқа шығуға болмайды

Словакияда шектеу шаралары күшейтілді. Енді тұрғындардың қолында коронавирусқа тапсырған тестің теріс нәтижесі болмаса, тысқа шыға алмайды. Тиісті ереже 7 ақпанға дейін күшін жоймайды. Жұрт енді сыртта серуендеу үшін тест нәтижесін көсетуі тиіс. Биліктің мұндай шаралар қабылдауы бекер емес. Өйткені соңғы күндері науқастардың 85 процентінен коронавирустың жаңа штамы анықталды. Сол себепті бүгіннен бастап жалпұлттық тестілеу басталды. Ол 9 күнге жалғасады. Билік былтыр күзде де жалпыұлттық тестілеу өткізген. Соның нәтижесінде 5 жарым миллион тұрғыны бар елде халықтың жартысынан астамы коронавирусқа тексерілген.