Ресейдегі сауда орындарында халыққа вакцина салына бастады

Ресейде коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 3 млн 600 мыңнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде жаппай екпе егу шарасы басталып кетті. Бүгінде екі вакцина қолданысқа енгізілген. Бірі «Спутник V» болса, екінші препарат «ЭпиВакКорона» деп аталады. Мәскеу тұрғындарына емханаларда ғана емес, тіпті ірі сауда орталықтарында да екпе қабылдауға мүмкіндік бар. 

Мәскеудің ірі сауда орындарында екпе қабылдауға болады. Арнайы мамандардан құралған бригада сауда орталықтардың біріне барып, халыққа вакцина сала бастаған. Тұрғындарға алдын ала жазылу қажет емес. Тек төлқұжатын көрсетсе болғаны. Шараға шамамен 40 минут уақыт кетеді. Оның 15 минуты тексеру мен екпе егуге жұмсалса, қалған уақытта вакцина қыбылдаған адамның денсаулығын бақыланады. Препараттың екінші дозасын алу үшін бірден жазылып қою керек. Оны бірінші екпеден кейін 21 күн өтісімен қабылдау қажет. Мамандардың айтуынша, вакцинаны егде жастағы тұрғындар мен созылмалы ауруы бар адамдар да ала алады.

Вячеслав Васильев, екпе қабылдаған тұрғын:

- Мен кітапханаға, көрмелер мен театрға барғым келеді. Бұрынғы тыныс-тіршілігіме оралғанды қалаймын. Бұл мен үшін өте маңызды.

Жақын арада осындай мобильді пунктер тағы ондаған қоғамдық орындарда ашылады. Бұған қоса, жүзге жуық екпе егу пунктері емханаларда да жұмыс істеп тұр.

Наталия Кузенкова, қалалық емхананың бас дәрігері:

- Екпе қабылдау үшін арнайы дайындық қажет емес. Дәрі егілген соң адам жарты сағаттай мамандардың бақылауында болады. Дәрігерлер толық тексергеннен кейін денсаулығына қатысты сұрақтары туындаса, кімге хабарласу керек екені түсіндіріледі.

Осы уақытқа дейін Мәскеуде 190 мың адамға коронавирусқа қарсы екпе егілді. Тағы 100 мың адам бұл процедураға алдын ала жазылып қойған.

Блиц 1:

- 10 жастағы екі немерем бар. Мен 66-дамын. Ауырмаған дұрыс қой. Сондықтан алдын алып, екпе егіп алған жөн.

Блиц 2:

- Өзімнің және жақындарымның денсаулығы үшін алаңдаймын. Сондықтан шара басталысымен бірден екпе егіп алғанды жөн көрдім.

Ресей тұтынушылар құқығын қорғауды қадағалау қызметі хабарлағандай, жаппай екпе егу шарасынан кейін күзге қарай ұжымдық иммунитет қалыптасуы керек. Жоспар бойынша биыл халықтың 60%-іне екпе егіледі.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко