ОАР-да коронавирустың мутацияланған түрі 50%-ке тез таралуда

ОАР-да коронавирустың мутацияланған түрі 50%-ке тез таралуда

Оңтүстік Африка Республикасындағы эпидемиологиялық ахуал күн өткен сайын ушығып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде таралған коронавирустың мутацияланған түрі 50%-ке тез таралуда. Бұл дәрігерлер мен медбикелердің жұмысын тіптен қиындата түсті. Ауруханалар науқастар нөпіріне төтеп бере алмай қалды. Сондай-ақ ковид құрбандарының да саны күрт артып, мәйітханаларда орын болмай жатыр. Марқұмдардың денесі салынған қаптарды дәліздегі еденге тастауға тура келуде.

Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Африка Республикасында COVID-19-дың жаңа штамы өткен жылдың аяғына қарай анықталған болатын. Содан кейін елде екінші толқын жарияланып, вирус жұқтырудың күнделікті өсімі 21 мыңнан асты. Жалпы осы індет басталғалы африкалық мемлекетте 37 мыңнан астам адам көз жұмған.

Алекс Сигал, медициналық зерттеу институтының вирусологы:

- Қатты алаңдап отырмыз. Мұның себебі – жаңа штамм алдында пайда болған антиденелерді айналып өтетін әдіс тауып алған сияқты. Әлем вирустың бұл айласына дұрыс мән бермей отыр. Аталған мутация тез бейімделгіш, түрін өзгертіп алып, әрі қарай тарала береді.