Боливияда толассыз жауған нөсер соңы алапат тасқынға ұласты

Осыған байланысты 3 аймақта төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, табиғи апаттан 1 адам көз жұмған. Оның көлігі тасқынмен ағып, каналға түсіп кеткен. Экономикалық шығын да өте көп. Елді мекендердегі көшелер дарияға айналып, барлық мүлкінен айырылған тұрғындар тізеден су кешіп жүр. Жолдарды, егіс алқаптары мен тауық шаруашылықтарын су шайып, 17 мыңдай құс тұншығып өлген. Жергілікті ауа райы қызметінің болжамы көңіл көншітпейді. Олардың ескертуінше, осы аптада бірнеше рет нөсер құйып, жауын-шашын наурызға дейін жалғаспақ. Зардап шегіп, налыған халық үкімет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмей жатыр деп зар илеп отыр.