Бразилияда вакциналау науқаны баяулауы мүмкін

Бразилияда вакциналау науқаны басталмай жатып үлкен кедергіге тап болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықты жаппай егу шарасы ертең басталуы тиіс. Бірақ қазірдің өзінде коронавирусқа қарсы препарат құрамына қажет қоспалар жетіспей жатыр. 2 миллион дозасына баяғыда тапсырыс берілген AstraZeneca вакцинасының ингредиенттері Үндістан мен Қытайдан жеткізілуі керек. Бірақ екі мемлекет те экспортқа әлі рұқсат бермей жатыр. Сарапшылар аталған кемшіліктердің кесірінен Бразилиядағы вакциналау науқаны баяулауы мүмкін деп қауіптенеді. Олардың алаңдауы заңды. Себебі ковид құрбандарының саны бойынша әлемде АҚШ-тан кейін екінші орында тұрған ел үшін екпені дереу бастау – дәл қазір өте өзекті. Халық саны ең көп бір ғана Сан-Паулу қаласына 46 миллион доза қажет. Тағы бір мәселе, Бразилия президенті Жаир Болсонару вакцина салдырудан бас тартты. Оның бұл шешімі тұрғындар тарапынан қатты сынға ұшырауда.

Таина Родригес, медицина қызметкері:

- Бәріміз үшін маңызды күн басталғалы тұр. Коронавирус қалай тарады, солай біз күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық. Біздің елде құрбандар саны 200 мыңнан асып кетті. Осы вакциналау ісін абыроймен атқара алсақ, Бразилияда өлім-жітім азаяр еді деп үміттенемін.