Трамп Америка халқымен қоштасты

Дональд Трамп қызметінен кетер алдында АҚШ халқына қоштасу бейнеүндеуін жолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда мемлекет басында болған 4 жыл ішіндегі өзінің жетістіктерімен бөлісіп, Ақ үйдің жаңа басшысына сәттілік тіледі. Өзінің президенттік қызметте болғанда бірде бір соғыс ашпағанын мақтанышпен айтып, халықаралық аренада талай жетістіктерге жеткенін білдірді.

Айта кетейік, АҚШ-тың сайланған президенті Джо Байденді ұлықтау рәсімі бүгін өтеді. Дәстүр бойынша Трамп Ақ үйде Байденмен кездесіп, онымен бірге Капитолийге баруы керек еді. Алайда бұл жолы Трамп ұлықтау рәсіміне қатыспайтынын жариялады.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– АҚШ-тың 45-президенті ретінде сіздермен бірге қол жеткізген жетістіктерімді мақтанышпен айта аламын. Еліміз үшін қолдан келгенше тырысып бақтық. Жаңа әкімшілікке де сәттілік тілеймін.