Израильде діншіл еврейлер карантин талаптарын орындаудан бас тартты

Израильде індетке қарсы шектеу шараларына наразы жұрт тәртіп сақшыларымен жиі қақтығысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Діншіл еврейлер тұратын аудандар мен елді мекен тұрғындары карантин талаптарын орындаудан бас тартып отыр. Ал осы кезде елде коронавирусты жұқтыру оқиғалары күрт өсіп, эпид ахуал ушығып тұр.

Бұл көрініс қылмыскерлерге немесе содырларға қарсы өтіп жатқан іс-шараға ұқсайды. Полиция ішінен тіреп қойған есікті бұзып, діни мектепке кірген. Шектеуге қарамастан, бұл оқу орны жұмысын тоқтатқан жоқ. Ғимарат ішінде бетперде кимеген және әлеуметтік арақашықты сақтамаған ондаған оқушы бар.

Діншіл еврейлер тұратын аудандарда тәртіп сақшыларына қарсылық жиі көрсетіледі. Ауданға кіретін жолдарда арнайы адамдар кезекшілік етеді. Олар полиция жақындағанда жергілікті тұрғындарды ескертеді. Тәртіп сақшылары ереже бұзған мекемені жабуға тырысса, тез арада халық тобыры жиналып, оның соңы қақтығысқа ұласады.

Діни аудандарда эпидемиологиялық ахуал күрделі. Мысалы, Бней-Брака қаласында 2019-жылмен салыстырғанда өлім саны 25 процентке өсті. Бұл елді мекендердің тұрғындары маска тақпайды, дүкендер мен балабақшалар ашық тұр. Салдарынан денсаулық сақтау жүйесіне ауыртпалық түсіп отыр. 

Орли Гринфельд, денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі:

– Біз бүкіл елдегі барлық ауруханада жаңа ковид бөлімдерін ашуға мәжбүрміз. Қызметкерлер қатты шаршап жүр. Індеттің шарықтау кезеңін өтіп жатырмыз, сәл шыдау керек. Әйтпесе көп адам дүниеден озады.

Шектеулер күшейтіліп, айыппұл артты. Қазірдің өзінде Израильде жарты миллион айыппұл салынған. Тұрғындарға үйден бір шақырымнан асатын қашықтыққа алыстағаны үшін айыппұл салынады. Алайда тосын жағдайлар да болып тұрады. Жақында полиция блок-бекеттердің бірінде шағын автобусты тоқтатты. Онда коронавирусты жұқтырған алты адам болып, олар туыстармен көрісуге бара жатқан. Енді қауіпті ауруды әдейі тарату бабы бойынша қылмыстық іс қозғалмақ.

Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...