Германияда локдаун мерзімі тағы ұзартылды

Карантин кемінде 14 ақпанға дейін жалғасады. Қазіргі шектеулерден бөлек жаңа ережелер енгізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Франция мен Австриядан соң іле-шала Германия да карантинді ұзартты. Себеп – елде өлім-жітім көбейген. Коронавирус ушығып, күніне мыңға жуық адам көз жұмып жатыр. Ал науқастар саны едәуір азайған сияқты. Бірақ сонда да 100 мың тұрғынның ішінде 50-і ғана індет жұқтыруы тиіс деген меже әлі орындалмай отыр.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Біз федералды аймақ басшыларымен бұрын жоспарланғандай 25 қаңтарда емес, ертерек кездесуге шешім қабылдадық. Науқастар қатарын қысқарту үшін қосымша шектеулер енгізуге келістік. Жұқтырушылар саны азайса, мутацияланған вирустың таралу қарқыны тежеледі. Қатаң шараларды бірінші кезекте, азаматтарымыздың денсаулығы үшін, сондай-ақ әрине, ел экономикасын тұрақтандыру үшін енгізіп отырмыз.

Тұрғындар аралас-құраластықты әлі де шектей тұруы тиіс. Сондай-ақ қоғамдық көлік пен дүкендерде бетперде тағу міндеттелді. Мектептер келесі айдың ортасына дейін ашылмайды. Оқушылар онлайн оқиды. Мекемелерге де қашықтан жұмыс істеуге кеңес берілді. Бірақ биліктің бұл шараларына наразылар да бар.

Нимер, жергілікті тұрғын:

– Осы шаралар дұрыс па? Меніңше, тиімді болуы екіталай. Локдаунның іс жүзінде көмектесетіні туралы ешқандай дәлел жоқ. Бос әурешілік.

«Індет ошағы» деп саналатын аймақтардың тұрғындарына үйінен 15 шақырым алысқа шықпау қатаң тапсырылды. Тіпті билік жағдай оңалмаса, шекараны да жабуға дайын екенін ескертті.

Ернат Мелсұлы, Шолпан Найманбаева