430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ирак парламент сайлауын 10 қазанға шегерді

  • 125
  • UPD: 15:11, 20.01.2021

Бұл туралы ел Үкіметінің өкілі арнайы баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Негізі саяси дода 6 маусымда мерзімінен бұрын өтуі тиіс болатын. Бірақ сайлау комиссиясы жауапты науқанды әділ ұйымдастыру үшін тағы уақыт керек деп ұйғарған. Мұны атқарушы билік «техникалық себеп» деп түсіндіруде. Саяси іс-шараны мерзімінен бұрын өткізуді 2019 жылы қазанда үкіметке қарсы бой көтерген белсенділер талап еткен еді. Осы шерулер кезінде билік әскері қару қолданып, 500-ден астам ереуілші қаза тапты. Содан кейін премьер-министр Әділ Абдул-Махди қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Хасан Надим, Ирактың министрлер кабинетінің өкілі:

– Кейінге шегеру туралы өтініш Сайлау комиссиясының тарапынан жасалды. Алдағы науқанның барлық жай-жапсары 26 қаңтарда толық жарияланады. Сондықтан «кейінге шегеру» деген терминнің орнына «дайындық мерзімін ұзарту» деген сөзді қолдансаңыздар деймін.

Үкіметтің бұл шешімі саяси белсенділер мен қарапайым тұрғындардың наразылығын тудырды. Тіпті олар билік сайлауды келер жылға ауыстырса да еш таңқалмаймыз деген. Жастардың айтуынша, елдегі жемқорлық пен жоқшылықты жою үшін түбегейлі саяси өзгерістер қажет.

Мутаз Имад, Бағдаттағы студенттер одағының мүшесі:

– Сайлауды мерзімінен бұрын жазда өткізу туралы заң қабылданған болатын. Енді аяқ астынан ол күшін жойып шыға келді. Әзірге қазанға ауыстырылды. Бірақ сол мерзім таяғанда сайлау 2022 жылға дейін шегерілуі әбден мүмкін. Қазіргі үкіметтен бәрін күтуге болады.

Хабар 24 телеарнасы