Испанияда медицина қызметкерлері жиі депрессияға ұшырай бастады

Коронавирус пандемиясы медицина қызметкерлерінің психикалық жағдайына кері әсер етіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Испанияда жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша 9 мың медицина қызметкерінің 28 проценті терең депрессияға ұшырағаны белгілі болды. Ал 15 процентінде психикалық ауытқулар байқалған. Бұл өз кезегінде мамандардың жеке бас өмірі мен кәсіби жұмысына кері ықпал тигізе бастады. Ғалымдардың зерттеуіне сай, соңғы бір жыл бойы ақ халаттылар қорқыныш, үрей, уайым, күйзеліс сезімдерін күн сайын өз бойынан өткізген. Әсіресе жансақтау бөлімінде қызмет ететіндерге оңай соққан жоқ.

Айта кетейік, Испанияда коронавирус індеті әлі де дес бермей тұр. Соңғы бір тәулікте 34 мыңнан астам адам індет ілмегіне іліксе, 404 науқас көз жұмды. Ал пандемия басталғалы 2 млн 300-ден астам адам вирус жұқтырған. Оның 54 мыңы осы кеселдің құрбаны болды. Қазір аймақтағы ауруханаларда бос орын тапшылығы байқалады.

Джоан Рамон, дәрігер:

– Рождество мерекесін жұмыста қарсы алдым. Қарындасымның қамын ойлап үйге бармадым. Ол да мерекеде жалғыз болды. Біз барынша сақтануға тырысамыз. Халыққа да айтарым сол. Алайда тұрғындардың мерекені тойлап жүргенін көргенде қатты ызам келеді.

Сондай-ақ...