Қытай ғалымдары адамның қартаюын тежейтін жаңа гендік терапияны дамытуда

Әзірге іс-тәжірибе тышқандарға жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар жасушаны қартайтатын «Кат-7» деген геннің жұмысын тоқтатып, өмірді ұзартуға болатынын дәлелдеген. Мұндай тәсілді Қытайдың Зоология институты әлемде алғаш рет қолға алды. Биологтар 10 мың геннің ішінен жүзін іріктеп алып, арнайы зерттеуге көшкен. Нәтижесінде «Кат-7» генін анықтап, оның сүтқоректілердің де жасушасында кездесетініне көз жеткізген. Бұл әдіс келесі кезекте маймылдарға қолданылмақ. Тек соңында адам ағзасына байланысты сынақ жасалады.

Ку Жин, профессор, жоба жетекшісі:

– 6-8 айға созылған іс-тәжірибеден кейін тышқандардың өңі жасарып, өмірі 25 процентке ұзарды. Негізі зерттеу бауырға жасалады. Жалпы қартаюдың қалай іске асатынын біз әлі толық түсінген жоқпыз. Соның себебін анықтауға күш салып жатырмыз. Құпиясын тапсақ, ұзақ өмір сүрудің де сырын анықтар едік. Болашақта адамның қартаюын болдырмауға болады деп есептейміз.