415,57 504.70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мамандар: Әлемде індеттің жаңа мутациялары жағдайды ушықтырып жіберді

  • 196
  • UPD: 23:34, 20.01.2021

Вакциналау мен қатаң локдаунға қарамастан әлемнің көп елінде коронавирустың қарқыны бәсеңдер емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен аптада індеттен 94 мыңға жуық адам көз жұмған. Бұл – жаңа антирекорд. Мамандар: «індеттің жаңа мутациялары жағдайды ушықтырып жіберді», дейді. Бір ғана британдық штамм қазір 60 елде тіркелген.

Еуроодақтың коронавирусқа қарсы вакцинаны қолдануға рұқсат бергеніне бір ай болды. Алайда індетпен күресте үлкен жетістіктер туралы айтуға әлі ерте. Кісі өлімінің артуына байланысты Германия билігі қатаң локдаунды келесі айдың ортасына дейін ұзартты. Жаңа талап бойынша тұрғындар дүкен мен қоғамдық көлікте маска не респиратор тағуға міндетті. Бұған дейін олар аузы мен мұрнын орамалмен не шарфпен жауып қана жүре беретін.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

- Біз федералды аймақ басшыларымен бұрын жоспарланғандай 25 қаңтарда емес, ерте кездесуге шешім қабылдадық. Науқастар санын қысқарту үшін қосымша шектеулер енгізуге келістік. Жұқтырғандар азайса, мутацияланған вирустың таралу қарқыны тежеледі. Қатаң шараларды бірінші кезекте азаматтарымыздың денсаулығы үшін, сондай-ақ ел экономикасын тұрақтандыру үшін енгізіп отырмыз.

Ұлыбританиядағы жағдай да мәз емес. Мұнда тәуліктік кісі өлімі бойынша жаңа «антирекорд» тіркелді. Бір күнде 1610 адам көз жұмған. Мамандар қазір корольдікте коронавирустың үшінші толқыны жүріп жатқанын айтады. Оған вирустың тез тарайтын жаңа штамы себеп. Жергілікті ауруханаларда орын жоқ.

Керлин Келли, медбике:

- Менен «қандай сезімдесің» деп сұраса, өзімді үңгірдің ішінде қамалып қалып, ондағы су деңгейі көтеріліп келе жатқандай дер едім. Өте қорқынышты. Бірінші толқынмен бәрі бітеді екен деп ойлап, ақымақ болыппын. Қазір үшінші толқын басталды. Жансақтау бөлімінде осыншама көп науас болады деп ойламап едім.

Ал, Францияда пандемия демографиялық көрсеткіштерге әсер еткен. Ұлттық статистика институтының деректері бойынша, кісі өлімі артып, бала туу көрсеткіші төмендеген. Неке қию деректері үштен бірге азайған.

Оливье Веран, Франция денсаулық сақтау министрі:

- Елімізде екі рет локдаун жарияланды. Олар не үшін қажет болды? Өйткені ауруханаларда орын жетіспеді. Күн сайын 50 мыңға дейін жаңа науқас тіркелді. Үшінші локдаун бола ма деп сұрап жатыр. Қазір ештеңені дөп басып айта алмаймын. Бірақ вирустың таралу қарқыны бәсеңдемей тұрғаны анық.

Эпидемиологиялық ахуал тек Францияда емес, өзге елдерде нашар. Өткен аптада әлемде індеттен 94 мыңға жуық адам көз жұмған. Бұл оның алдындағы аптамен салыстырғанда 9%-ке көп. Бірақ мамандар вирусты жұқтырғандар саны 6%-ке азайғанын айтады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Хасенқызы

Хабар 24 телеарнасы