Ұлыбританияда коронавирустан өлім саны бойынша антирекорд тіркелді

Ұлыбританияда коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша жаңа антирекорд тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лондон ауруханаларына түсіп жатқан науқас өте көп. Бәрін бірдей төсек-орынмен қамту мүмкін емес. Мұндай жағдай пандемияның алғашқы толқынында шарықтау шегі болған сәуір айында да болмаған.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Оксфорд университетінің зерттеушілері Ұлыбританияның өлім-жітім бойынша әлемде бірінші орында тұрғанын айтады. Ресми деректерге сәкес соңғы тәулікте 33 мыңнан астам адамның дертті жұқтырғаны белгілі болды. Соңғы 28 күн ішінде ковид диагнозы расталған науқастың 1610-ы індеттен көз жұмып, бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Ауруханаларда төсек-орын тапшылығы ғана емес медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі де байқалады. Дәрігерлер мен медбикелер әбден шаршап-шалдыққан.

Керлин Келли, медбике:

- Науқастардың қалың нөпіріне тап болдық. Интенсивті терапия бөлімінде осыншама ауру болады деп ешқашан ойламаппын.

Мартин Фриброн, тұрғын:

- Ешкімнің басына келмесін. Мен Құдай қосқан жарымнан айырылдым. Өтінемін, ояныңыздар және сақ болыңыздар.

Тағы бір зерттеулерге сәйкес бірінші толқын кезінде ковидпен ауруханаға жатып шыққан науқастардың 30%-ке жуығы бес ай көлемінде қайтадан дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Науқастардың көпшілігінің жүрек аурулары, диабеті, бауыр және бүйректің созылмалы аурулары дамыған немесе асқынған. Британиялық ғалымдар коронавирустан жазылып шыққан адамдарды денсаулығын күтіп ұстауға шақырады. Дерттен айыққанның өзінде аурудың салдары тағы анықталып, қайтадан ауруханаға түсуі және қайтыс болуы ықтимал. «Сондықтан науқастар ұзаққа созылуы мүмкін ковидке дайын болуы керек», - дейді мамандар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы