АҚШ-та коронавирустан көз жұмғандар саны 400 мыңнан асты

АҚШ-та коронавирустан қайтыс болған адамдар саны 400 мыңнан асып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемдегі ең бай ел пандемияның ауыр зардабын тартып отыр. Дүниежүзінде індет жұқтырғандардың 25%-тен астамы, ал қайтыс болғандардың 20%-і Құрама штаттарында тіркелген. Соңғы бір айдың ішінде 100 мың адам көз жұмды. АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының жаңа директоры Рошель Валенскидің болжамынша, ақпан айының ортасында коронавирус құрбандарының саны жарты миллионнан асады. Бүгін Нью-Йорктегі әйгілі Эмпайр-Стейт-Билдинг ғимараты қызыл түске боялды. Осылайша, халық індеттен қайтыс болғандарды еске алды. Жаңа сайланған АҚШ президенті Джо Байден және вице-президент Камала Харрис Линкольн мемориалында 400 шырақ жақты.

Джо Байден, АҚШ-тың жаңа сайланған президенті:

- Аурудан жазылу үшін бәрін есте сақтауымыз қажет. Кейде еске алу қиынға түседі. Бірақ тек осылай ғана жазыламыз. Ел ретінде осы істі атқарудың маңызы зор. Сондықтан осы жерге келдік. Күн батар алдында қасиетті тоған бойында шам жағып, дүниеден қайтқан барлық адамды еске алайық.