Мун Чжэ Ин: Novavax пен Bioscience компаниялары арасындағы келісім жалғасып келеді

Америкалық Novavax компаниясы Оңтүстік Кореяны 20 миллион адамға жететін вакцинамен қамтуы мүмкін.

Бұл туралы Bioscience кәсіпорнына барып қайтқан ел президенті Мун Чже Ин мәлімдеді. Оңтүстік Кореяның корпорациясы өткен жылы Novavax компаниясымен вакцинаны бірлесіп өндіру жөнінде келісім жасаған көрінеді.

Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея президенті:

- Novavax пен Bioscience компаниялары арасындағы келісім жалғасып келеді. Бұл қосымша 20 миллион адамды вакцинамен қамтуға мүмкіндігімізді арттырып отыр. Оны санамағанда қазір қолымызда бар вакцина мөлшері 56 миллион адамға жетеді.

Оңтүстік Кореяның 52 миллион халқы бар. Президентінің сөзіне қарағанда, елде қазірдің өзінде қажетінен асатын вакцина мөлшері бар. Таяуда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы кедей елдерге коронавирусқа қарсы вакциналар жетпей жатқанын мәлімдеді. Ал бұл әлемдегі теңсіздікті одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін. Барлық мемлекеттер вакцинаны тең бөлу қағидатын қолдағанмен, кезектен тыс өту үшін кей елдер мен компаниялар екіжақты келісімдер жасап жатыр.