417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бейжіңдегі бір ауданда локдаун жарияланды

  • 128
  • UPD: 11:08, 21.01.2021

Бейжіңдегі аудандардың бірінде жартылай локдаун жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл шешім «Ковид-19»-дың көбеюімен байланысты болып отыр. Британиялық штамм да тез таралуда. Қытай астанасының оңтүстігіндегі Дасин ауданында оқу орындары жабылып, қоғамдық көлікке шектеу қойылды. Барлық тұрғынға қаладан шығуға тиым салынған. Ал елде 12-ші ақпанда жаңа жыл басталмақ. Жергілікті халық мереке кезінде ел аумағында 1 миллиард 700 миллион сапар жасайды деген болжам бар. Осы жағдай сақтық шараларын алдын ала күшейтуге итермелеп отыр. Толығырақ Қытайдағы меншікті тілшіміз Ботагөз Сырғабаева тарқатады.

Қытай астанасындағы Дасин ауданы «қауіпті аймақ» деп жарияланды. Бұл жер соңғы айларда індет ошағына айналған Хэбэй провинциясымен шектеседі. Кемінде 5 шағынаудан карантинге жабылды. Бұл шамамен 25 мыңдай тұрғынды қамтиды. Бір мектептің барлық оқушысы мен мүғалімдері бақылауға алынды. Онда бір оқушыдан вирус анықталыпты. Қоғамдық көлік жүріп тұр, бірақ 75 процентке қана жолаушы мінгізуге рұқсат. Адамдар жиналатын барлық іс-шараларға тиым салынған. Қоғамдық орындарда дезинфекция жасалуда. Британиялық штамм да таралып барады.

Пан Синхо, ауруларды бақылау және алдын алу орталығы директорының орынбасары:

– Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы зерттеу нәтижелерін қарап, 2 науқаста британиялық штамның барын анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, олар індетті шетелде жұқтыруы мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, британиялық штамен ауырған науқастарды емдеу тәсілінде еш өзгешелік жоқ. Симптомдар мен клиникалық көріністері де бірдей. Дасиндегі ахуал Бейжіңге де кері әсер етуде. Бүгіннен бастап ел астанасындағы балабақшалар жабылады, оқушылар 23-ші қаңтарда демалысқа жіберіледі. Тек жоғары сынып оқушылары онлайн оқиды. Сондай-ақ осы сенбіде білім беру орталықтары да жұмысын тоқтатады. Жоғары оқу орындары жабық режимге көшеді. Қызметкерлер мен студенттерге Бейжіңнен және елден себепсіз шықпауға өтініш жасалды. Бұл шаралар күнтізбе бойынша тойланатын жаңа жылмен байланысты. Болжам бойынша Қытайда күніне 40 миллион сапар жасалуы мүмкін. Биыл ауылдардағы қауіпсіздікке айрықша көңіл бөлінуде. Себебі ірі қалалардағы жұмысшылардың көбі – ауылдан келгендер. Олар әдетте осы мерекеде үйлеріне қайтады.

Ван Бинь, ҚХР денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитет өкілі:

– Тест нәтижелері 12 сағат ішінде тапсырылуы тиіс. Біздің талап бойынша мерекеге байланысты үйіне баратындар соңғы 7 күнде тапсырған ПТР-тестінің теріс нәтижесін көрсетуі керек.

Қытай билігі ұлттық жаңа жылға қарай жаппай вакциналау жоспарын орындауға барын салуда. Қазірдің өзінде 15 миллион адам егілген. Препаратты бірінші кезекте денсаулығына қауіп төніп тұрған адамдар алып біткен соң басқа тұрғындарға салына бастайды. Бұл қатарға балалар мен қарттар кіреді.

Авторы: Ботагөз Сырғабаева

Хабар 24 телеарнасы