Ресейде сауда орталықтары мен театрлар вакциналау орталығына айналды

Ресей астанасында вакциналау бойынша алты мобильді орталық ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда мәскеуліктер отандық «Спутник-V» вакцинасын салдыра алады. Уақытша екпе орындары сауда орталықтары мен театрларда құрылған.

Айта кетейік, Ресейде «Спутник-V» препараты 90 процент жағдайда тиімділігін дәлелдеген болатын. Бұл елде соңғы бір тәулікте 600-ге жуық адам қайтыс болып, 21 мың тұрғын вирус жұқтырған.

Дмитрий Бертман, «Геликон-опера» директоры:

– Вакцина салдыруға мүмкіндік пайда болды. Осының өзі бізге үлкен үміт береді. Мына зал адамдарға қайтадан толатын болды. Яғни, спектакльдерімізді еш алаңсыз қоюға жол ашылады деген сөз.

Ал Ұлыбританияның Солсбери қаласындағы шіркеу жаппай вакциналау орталығына айналды. Қазір мұнда бірінші кезекте жасы 80-нен асқан қариялар келіп жатыр. Премьер-министр Борис Джонсон екпенің 2 дозасын алған тұрғындар саны 4 миллионнан асқанын мәлімдеді. Британияда алғашқы вакцина өткен жылдың аяғында мақұлданған болатын.

Мишель Гиорги, дәрігер:

– Жаңа ашылған орталықтағы вакциналау ісі жақсы жүріп жатыр. Қариялар келіп жатса да, ешқандай оқыс оқиға тіркелген жоқ. Адамдардың пікірі жақсы сияқты. Өзіміз де ризамыз. Қарттардың көбі былтыр наурызда карантин жарияланғаннан бері үйден шықпапты.