419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстанда жаппай вакциналау сәуірде басталуы мүмкін

  • 261
  • UPD: 18:56, 21.01.2021

Өзбекстан коронавирусқа қарсы жаппай вакцина егуге қамданып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іргедегі көршінің таңдауы америкалық «Файзер» және немістің «Байонтек» компаниялары өндірген препаратқа түскен.

Кеше жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары бұл туралы жарыса жазғанын айтып кету керек. Бірі екпе егу науқаны ақпанның соңында басталады десе, енді бірі бұл мерзімді наурыз айына шегеріп отыр дейді. Мәселенің анық-қанығын білу үшін біз Өзбекстанның санитарлық-эпидемиологиялық қызметіне барып, мұндағы басшылықпен кездестік. Мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары Нұрмат Отабековтың айтуынша, жаппай вакцина егу сәуір айында басталуы мүмкін. Бүгінде Өзбекстан Вакциналар мен иммундау бойынша жаһандық альянсына коронавируске қарсы Файзер/Байонтек препаратына тапсырыс берген екен. Бұл вакцинаны сақтайтын Өзбекстанда арнайы тоңазытқыштар да бар көрінеді. Ал мұндай қондырғылар екінің бірінде жоқ екені белгілі. Күні кеше ғана Қырғызстан осындай тоңазытқыштардың жоқтығынан америкалық және германиялық ғалымдар бірлесе жасаған препараттан бас тартты.

Нұрмат Отабеков, Өзбекстан санитарлық-эпидемиологиялық қызметі басшысының орынбасары:

– Бұл вакцинаны белгілі бір режимде сақтау керегін біз білеміз. Ол үшін -70 градус температураны қамтамасыз ететін тоңазытқыштар керек. Мұндай тоңазытқыштардың бізде үшеуі бар. Меніңше, Өзбекстанда жаппай вакцина егу сәуір айында әрі кетсе мамырда басталады.

Жасын Біркенов, тілші:

Бұдан бөлек, Вакциналар мен иммундау бойынша жаһандық альянсы Өзбекстанға тағы 17 тоңазытқыш жеткізбек деп отыр жергілікті билік. Жалпы ел Үкіметі ковидке қарсы күрес үшін 300 млн доллар қаржы бөлген. Оның бір бөлігі вакцина сатып алуға жұмсалмақ.

Бүгінде Өзбекстанда 34 млн астам халық бар. Ал Файзер/Байонтек компаниялары бір елге осыншама доза бере алмайтыны анық. Дегенмен көрші ағайын ел азаматтарының 20 процентіне вакцина салуды көздеп отыр. Бұл - шамамен 7 млн адам. Екпе егу тегін болмақ. Әрі ешкімді мәжбүрлемейміз дейді мұндағы билік. Ең бірінші кезекте препаратты 65 жастан асқан азаматтарға, медицина және білім беру саласының қызметкерлеріне салу көзделген. Енд бір түртіп айтып кететін жайт. Қазіргі таңда Өзбекстанда ресейлік СпутникV вакцинасы тіркеуден өтіп жатыр. Сонымен бірге Zhifei компаниясы өндірген рекомбинантты препараттың үшінші клиникалық сынағы жалғасуда. Осы күнге дейін қытайлық вакцина 4 мыңнан астам өзбекстандыққа салынды.

Хабар 24 телеарнасы