Қытай ғалымдары: Коронавирус екінші рет ауыр өтуі мүмкін

Адам ағзасында антиденелер болса да, бұл коронавирусты қайта жұқтырудан сақтап қалмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қытай ғалымдары осылай деп отыр. Мамандар індетпен ауырып шыққаннан кейін немесе екпе салдырған соң сақтық шараларын қатаң ұстану керек екенін айтады.

Ғалымдар: Иммунитет 5 ай сақталады

Коронавируспен ауырған адамдардың көбінде кемі 5 айға дейін иммунитет сақталады. Ұлыбританияның қоғамдық денсаулық сақтау институтының мамандары зерттеу жүргізіп, осындай қорытындыға келген. Зерттеу жұмысы былтыр маусым мен қараша аралығында жүргізілген екен. Оған 20 мыңға жуық адам қатысқан. Ғалымдар оларды коронавирусқа тексеріп отырған. 5 ай ішінде 6 жарым мыңнан аса адам індет жұқтырыпты. Солардың 44-і қайтадан ауырған.

Сьюзан Хопкинс, ғалым:

– Коронавируспен ауырғандарда антиденелер пайда болып, 5 ай ішінде қайта жұқтыру қаупі төмендейді. Ондай жағдай болған күннің өзінде де індеттің ауыр өтуі екіталай. Яғни вирусты алғаш жұқтыру дерегі вакциналауға ұқсас. Ол адамның иммунитетін күшейтеді.

Қытай ғалымдары: Індет екінші рет ауыр өтуі мүмкін

Ал Қытай ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесі өзгеше. Олар адам ағзасында антиденелер болса да, бұл коронавирусты қайта жұқтырудан сақтап қалмайды дейді. Зерттеуге 300-ге тарта адам қатысқан. Солардың арасында індетті қайта жұқтырудың бірнеше дерегі тіркелген. Науқастар алғашында жазылған соң 19 күннен 57 күнге дейінгі аралықта қайтадан ауруға душар болыпты. Кейбірінде сырқат өте ауыр өткен. Британдық ғалымдар керісінше, екінші рет жұқтырғанда жеңіл болатынын айтады. Екі зерттеу арасында неге мұндай айырмашылық пайда болды деген сұрақ туады. Мамандардың түсіндіруінше, Қытай ғалымдарының зерттеуіне қатысқан адамдар генетикалық құрылымы өзгерген вирустың басқа түрін жұқтырған.

Африкалық штамды қайта жұқтыру қаупі жоғары

Вирустың жаңа түрі демекші, әлемде оның 12 мыңнан аса мутациясы тіркелген. Солардың ішінде оңтүстікафрикалық штамды қайта жұқтыру қаупі әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Жергілікті ғалымдардың жүргізген зерттеуінің нәтижесі осындай. Олар тіпті вирустың бұл жаңа мутациясы вакцинаның тиімділігін төмендете ме деп қауіптеніп отыр. Мамандар қазіргі екпелерді жетілдіру қажеттігі туындауы мүмкін екенін ескертеді.

Салим Абдул Карим, эпидемиолог:

– Қолда бар мәліметке сүйене отырып, коронавирустың оңтүстікафрикалық штамы айтарлықтай қауіпті емес деуге болады. Алайда аурудан айығып шыққандардың сараптамалары, олардың ағзаларындағы антиденелердің тиімділігі төмен екенін көрсетіп отыр.

Вирусты қайта жұқтырған науқас көз жұмды

Ал соңғы мәлімет бойынша, Германияда коронавирусты қайта жұқтырған науқас індеттен көз жұмған. 73 жастағы тұрғын былтыр сәуірде ауырған екен. Бірақ желтоқсанда қайтадан дертке душар болыпты. Қария вирустың мутацияға ұшыраған түрін жұқтырды ма, жоқ па беймәлім. Бірақ ол тұрып жатқан ауданда британдық штамның анықталғаны белгілі. Бұған дейін індетті қайта жұқтыру салдарынан көз жұму деректері Германиядан бөлек, Нидерланд, Израиль мен Гонконгта да тіркелген.

Жалпы мамандар COVID-19 аз зерттелген вирус болғандықтан, сұрақтар өте көп екенін айтады. Оның үстіне соңғы уақытта жаңа штамдары көбейіп, зерттеулерді одан да бетер қиындатып отыр.

Жұлдыз Атагельдиева