419,45 505.95 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әуе компаниялары ауыр дағдарысты бастан кешуде

  • 199
  • UPD: 21:58, 21.01.2021

Әлем компаниялары өткен жылдың нәтижелерін қорытындылап, есеп беріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемия әуе тасымалына ауыр тиді. Салдарынан әуе компаниялары қызметкерлерін қысқартуға мәжбүр. Кейбірі мемлекеттік көмекке жүгінсе, ондай мүмкіндігі жоқ әуекомпаниялар жабылып жатыр. Дегенмен сала мамандары болашаққа үмітпен қарайды. Бұған әлемде басталған вакциналау науқаны себеп болды.

АҚШ-тағы ең ірі әуе компанияның бірі – United Airlines 2020 жылы 7 миллиард 100 миллион доллар шығынға ұшырағанын жариялады. Коронавирус індетіне қатысты қабылданған шектеулердің кесірінен АҚШ-та жолаушы тасымалы күрт қысқарып кетті. Жергілікті әуе компаниялар ондаған мың қызметкерін төленбейтін демалысқа жіберуге мәжбүр болды.

Австралияның ең ірі Qantas Airways компаниясы да биылғы жылды үлкен шығынмен аяқтады. Әсіресе індеттің соңғы толқыны ауыр тиді. Елдегі штаттар арасында шекаралар жабылып, әуе қатынасы мүлдем тоқырап қалды.

Алан Джойс, Qantas компаниясының атқарушы бас директоры:

– Індеттің соңғы толқыны біз үшін өте ауыр болды. Сондықтан алдағы үш айда өз мүмкіндігіміздің тек 60 процентін пайдалана аламыз деп болжап отырмыз. Одан кейінгі тоқсанда да толығымен қалпына келмейміз.

Lufthansa, Air France секілді зор шығынға ұшыраған Еуропаның жетекші әуе компаниялары да қызметкерлерін қысқартып, еншілес кәсіпорындарын жауып жатыр. Ал шағын компаниялардың жағдайы тіпті мүшкіл. Жаңа жыл алдында Черногория үкіметі мемлекеттік әуекомпанияны жабуды шешкен. Алғашында Montenegro Airlines мемлекеттен 150 миллион еуро қаржылай көмек бөлу қарастырылған болатын. Алайда бұған өзге еуропалық әуе компаниялары наразылық білдіріп, шағымдануы мүмкін еді. Ақырында Черногория үкіметі оны жауып, орнына жаңа компания құруды ұйғарды. Бұған үш есе аз қаражат – 50 миллион еуро кетеді екен. 

Ұлыбритания үкіметі ешкімге алаңдамай, өз әуе компанияларына қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, British Airways және EasyJet компанияларына несиелік желі ашу үшін кепілдеме берді. Өзге әуетасымалдаушылар секілді британиялық компаниялар Жаңа жылға үлкен үміт артқан еді. Алайда елдегі эпидемиологиялық ахуал ушығып, тез тарайтын вирустың жаңа штаммы анықталды. Осыған қатысты әлемнің көптеген елдері Ұлыбританиямен әуе қатынасын доғарды. Пандемия басталғалы бері EasyJet 4500 қызметкерін жұмыстан шығарып, ондаған ұшағын сатып, өз акционерлерінен ақша сұраған болатын. Алайда бұл шаралар да қаржылық жағдайын тұрақтандыра алған жоқ.

Әлемдегі ең ірі әуе компаниялардың бірі – Emirates соңғы жарты жылда 3 миллиард 400 миллион доллар шығынға ұшырағанын жариялады. Дубай үкіметі оған 2 миллиард доллар мөлшерінде қаржылай көмек бөлді. Дегенмен компания басшылығы болашаққа зор үмітпен қарап отыр.

Кларк, Emirates Airlines компаниясының президенті:

– Вакциналау бағдарламасының қарқыны артып, пандемия аяқталғаннан кейін әлем экономикасының барлық салалары қалпына келе бастайды. Бұл үрдісті жылдың ортасында бәлкім аяғында байқаймыз.

Әуе тасымалы саласының барлық мамандары вакциналауға үміт артып отыр. Неміс ұшқышы Сэми Крамер тіпті кезекті сапары кезінде әуеде шприц түрінде із қалдырыпты.

Сэми Крамер, ұшқыш:

– Вакциналауға қарсы болған адам көп. Осы қимылмен оларды ақылға шақырмақ болдым. Екпенің басталғанына қуаныштымын. Өйткені авиация саласы пандемиядан ауыр зардап шекті.

Мамандардың айтуынша, бұл авиация тарихындағы ең қиын жыл болған. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған лаңкестік шабуылдан кейін де әуе компаниялары ауыр дағдарысты бастан кешкен еді. Алайда уақыт өте, сала қалпына келді. Бұл жолы да тез арада жұмысы қайта жанданатынына сенімді.

Бекболат Тұрмаханов

Хабар 24 телеарнасы