Францияда төтенше жағдайдың мерзімін ұзарту бойынша дау туды

Үкімет бұл тәртіпті жылдың аяғына дейін ұзартуды ұсынған.

Алайда Ұлттық ассамблея депаттарының көбі шектеулердің күшін маусымның біріне дейін қалдыруға дауыс берді. Мәселе бойынша шешімді Сенат шығарады. Төтенше жағдай тәртібі Президент пен үкіметке ешкіммен ақылдаспай локдаун немесе коменданттық сағат секілді санитарлық шектеулерді енгізуге мүмкіндік беріп отыр. Депутаттар індетпен күрес бойынша мемлекеттік стратегияны қатал сынға алып, мейрамханалар немесе тау-шаңғы шипажайларын жабу секілді маңызды шешімдерді бірлесіп қабылдау керек дейді.

Франсуа Руффан Франция ұлттық ассамблеясының депутаты:

- Үкімет пен президентке шексіз билік беретін төтенше жағдай мәселесін алтыншы рет қарастырып жатырмыз. Бұл бір жылдай жалғасып келеді және қай уақытқа дейін созылатынын ешкім білмейді. Күзден бастап жағдай жақсарады деген уәде берді.

Ян Букар Франция ұлттық ассамблеясының депутаты

- Төтенше жағдайдың мерзімін ұзартуға қарсымыз. Бірақ бұл індетке қарсы санитарлық шаралар енгізуге кедергі жасағанымыз емес. Үкімет бізді жауапкершіліктен бас тартты деп бопсалап отыр. Індет басталғалы халық та, оның өкілдері саналатын депутаттар да тәртіпке бағынып, саналы қылық көрсетті.

Францияда індет дендеп келеді. Бүкіл ел аумағында жарияланған коменданттық сағатқа қарамастан, күн сайын 20 мыңдай науқас анықталып жүр. Вирустың британдық және африкалық штамы тарап кетті.