Павлодар облысында қатаң шектеу шаралары енгізілді

Павлодар облысы осы аптада «қызыл» аймаққа енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде эпидемиологиялық жағдай күрделі. Коронавирустық инфекция жұқтыру дерегі көбейіп жатыр. Аймақта қатаң шектеу шаралары енгізілді. Бұл туралы нақтырақ әріптесім Ақмарал Есімхановадан білмекпіз. Ол қазір бізбен тікелей байланыста.

Диктор:

- Ақмарал, өңірдегі жағдай жөнінде айтып берсеңіз.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Иә, Павлодар облысы қайта «қызыл» аймақта. Тек осы аптаның басынан бері тәулігіне 100-ден астам жаңа дерек тіркеліп отырды. Бүгінде облыстың тоғыз ауданы мен үш қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың көбейгені байқалды.

Аймақта коронавирус инфекциясы дендеген жағдайда инфекциялық госпитальдерде бес мыңға жауық төсек-орын жасақталған. Қазіргі таңда оның 33%-і толық. Сонымен қатар мобильді бригадалардың саны артты. Сала мамандарының мәліметінше, амбулаториялық деңгейде 169 бригада жұмыс істеп жатыр. Медициналық ұйымдардың жүктемесі де орташа деңгейде. Дегенмен, жағдай өзгеруі мүмкін. Мамандардың айтуынша, ауру жұқтыру бойынша жүргізілген зерттеулер нәтижесінде сырттан әкелінген деректер де баршылық. Мәселен, соңғы тәулікте 15 мыңнан астам ПТР-зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде сырттан келген 110 жағдай анықталды. Басым бөлігі симптомсыз, қазіргі уақытта науқастар амбулаторлық деңгейде ем қабылдап жатыр. Жалпы эпидемиологиялық жағдай туралы мамандардан біліп едік.

Гүлмира Құлмағамбетова, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

- Бүгінгі күні облыстағы 3 қала мен 9 аудан ішінде тек Баянауыл ауданы «сары» аймақта. Ал қалғаны «қызыл» аймақта. Ауру жұқтырғандардың басым бөлігі Павлодар қаласына тиесілі. Бұл шамамен 60%. Вирус жұқтыру деректері көбейгендіктен, карантиндік шаралар да күшейтілді. Бүгінгі күнге дейін бекітілген карантиндік шаралар өз күшінде, демалыс күндері қоғамдық көліктер жүрмейді. Автобустарда ауқымды дезинфекциялық шаралар жүргізіледі.

Ақмарал есімханова, тілші:

- Індеттің таралуына халықтың карантиндік шараларды сақтамауы себеп. Онымен күресу үшін облыста демалыс күндері локдаун жарияланды. Сенбі, жексенбі қоғамдық көліктер жүрмейді. Тамақтану орындарының жұмыс уақыты қысқартылып, сауда орындары уақытша жабылады.