ЕО індет өршіп тұрған аймақтарда шектеу шараларын қатаңдатты

Еуроодақтың көшбасшылары COVID-19-ға қарсы күш біріктірген шаралар жөнінде онлайн саммит өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде қауіпті індеттің таралуы Кәрі құрлықта қайта өрши бастады. Сол себепті одақ басшылары елдер арасындағы барыс-келіске шектеу енгізуді жоспарлап отыр. Еурокомиссия басшысы Урсула фон Дер Ляйенның айтуынша, жаңа шектеулерге қарамастан дәрі-дәрмек пен өзге де тауар түрлерінің тасымалы үшін шекара ашық болады.

Урсула фон дер Ляйен, Еурокомиссия басшысы:

- Еуропа бойынша тіркелген жаңа науқастардың саны өсіп барады. Сол себепті ауру өршіп тұрған аудандарда жаңа шектеу шаралары енгізілді. Бұдан былай қауіпті өңірлерден келгендер жолға шығар алдында коронавирусты анықтайтын тест тапсырып, діттеген жеріне келгенде карантинде отыруы шарт. Белгілі бір себеп болмаса еуропалықтар сапарға шыға алмайды. Десе де, шекара толықтай жабылмайды.

Шарль Мишель, еуропа кеңесінің төрағасы:

- Вакцинаның сертификаты жайында да сөз қозғалды. Алдағы уақытта бұл мәселеге қатысты ортақ шешім қабылданады деген ойдамын. Кейін сертификаттың қолданыста қалай болатынын және қандай жағдайда пайдаланатынын толық түсінетін боламыз.