Ресейде вакциналау жалғасып жатыр

Ресейде коронавирусқа қарсы енгізілген қатаң шектеу шаралары жеңілдетіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін колледж, спорттық мектеп және өзге де мекемелер жұмысын қайта жалғастырды. Алайда компанияларға қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшіру ұсынысы әлі де өз күшінде. 65 жастан асқан тұрғындардың да үйде оқшауланғаны абзал. Вирус жұқтыру қаупі жоғары тұрғындар екпе қабылдаса ғана бұрынғы тыныс-тіршілігіне қайта орала алады.

Мәскеуде 220 мың адам коронавирусқа қарсы вакцина қабылдады. Көрші ел астанасында бұл шара мықтап қолға алынған. Таяуда елдің денсаулық сақтау министрлігіне Ресейде өндірілген «КовиВак» деген тағы бір вакцинаның қолданысқа енгізілуіне өтініш берілді. Препарат Чумаков атындағы орталықта шығарылған. Ал, қазір көбінесе Гамалея атындағы ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы жасаған вакцина кең қолданылуда.

Блиц 1:

- Жолдасыммен бұл вакцинаны толық зерттеп көрдік. Оның тиімділігіне көзіміз жеткен соң осы препаратқа тоқталып отырмыз.

Блиц 2:

- Уақыт өтіп барады. Келесі вакцианның қашан шығатыны белгісіз. Еуропалық, батыс елдердің екпесін күтіп отырған жоқпын. Отандық вакцинаға сенім артып отырмын. Бұрынғы өмірімізге оралу үшін мүмкіндігінше тез арада екпе қабылдау керек.

Кей өңірлерде екпе қабылдау үшін халық алдын ала бір ай бұрын жазылуы керек. Ал, шалғай елді мекендерде жаппай екпе егу шарасы тіпті басталған да жоқ. Кремльдегілер бұл проблеманың барын мойындап отыр. Бүгінде тек Мәскеу мен Мәскеу облысында еш қиындықсыз вакцина қабылдауға болады. Жуырда тіпті 99 жастағы қарияға да екпе егілген. «Мосволонтер» ұйымының мәліметі бойынша вакцинаны шет ел азаматтары да қабылдай алады.

Александр Глебов, волонтер:

- Екпе егуге арналған орындарға күніне шамамен 300-ге жуық адам келеді. Арасында шет ел азаматтары да бар. Менің көзімше Иран, Мексика, Қытай мен Америка елдерінің азаматтары келген еді.

Ресей Еуроодаққа «Спутник V» вакцинасын тіркеу үшін өтініш білдірді. Құжат мақұлдануы үшін препарат алдымен бірнеше тексерістен өтуі керек.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко