Чехияда індет дендеп барады

Еуроодақ елдері арасында індеттің таралу қарқыны жағынан Чехия алда келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауруларды бақылау және алдын алу бойынша Еуропалық агенттік мәліметінше, бұл елде әрбір 100 мың адамның ішінде екі мыңы коронавирус жұқтырған. Вирустың өршіп кетуіне шектеулерге қарсы шерулер себеп болды деген жорамал бар. 

Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш локдаун мерзімі қаңтардың соңына дейін ұзартылатынын жариялады. Кейбір тұрғындар бұған наразылық білдіріп, көшеге шықты. Ел астанасы Прагада өткен шеруге маска кимеген 2 мыңдай адам қатысты. Бұл шара ұйымдастырушылар арасында мейрамхана иелері мен фитнес жаттықтырушылар болған. Олар қазан айының ортасынан бері жұмыссыз отыр.

Филип Катержабек, қоғам белсендісі:

– Мейрамханалар, дүкендер мен мектептердің жабылуы экономикаға зор нұқсан келтірді. Ақырында үкіметке де мұны мойындауға тура келеді. Кәсіпорындар жаппай күйреп жатқанына неліктен көңіл бөлмейтінін түсінбейміз. Олай пандемияны тоқтата алмаймыз, елде қаражат пен жұмыс күші жоқ.

Жаңа жылдың алғашқы апталарында Чехияда Еуроодақ бойынша індет таралуының ең жоғары деңгейі тіркелді. Қазір елдің әрбір 100 мың тұрғынының екі мыңы коронавирусты жұқтырған. Ел билігі де нақты не істерін білмей отырған секілді. Бір апта ішінде үкімет алдымен карантинді уақытша жеңілдететінін жариялап, кейін вирустық қауіптің ең жоғары деңгейін енгізді. Локдаунды бір ауыздан медиктер қолдап отыр. Олар күзден бастап демалыссыз жұмыс істеп келеді. Ал кәсіпкерлер шектеулерге қарсы. 

Владимир Вацлик, Чехия Медицина университетінің доценті

Ел билігі қазір не істерін білмей отыр. Бір жағынан халықтың денсаулығына уайымдайды, екінші жағынан адамдардың ашуына тигісі келмейді. Өкінішке қарай, осы екі жақты да қанағаттандыратын шешім жоқ. Пандемия кезінде жаппай көшеге шығып, вирусты жеңе алмаймыз. Медиктер қараша айынан бастап парламенттен жаздағыдай қатаң шаралар және немқұрайлық үшін қылмыстық жаза енгізуді сұрап отыр. Дәрігерлердің күші мен мүмкіндіктерінің де шегі бар ғой. 

Жалпыұлттық вакциналау мерзімін кейінге қалдыру да елдің нарзалығын тудырды. Осыған дейін үкімет қаңтардың ортасына дейін барлық дәрігерлер, өрт сөндірушілер мен полицейлерге екпе салды уәде еткен. Ал бірінші ақпанда қарапайым тұрғындардың кезегі келуі тиіс еді. Ал таяуда премьер-министр жасы үлкен адамдар вакциналауға қызығушылық білдіріп жатқанын мәлімдеді. Сондықтан, келесі кезекте оларға екпе салынатын болды. Ал қалған халыққа вакцина қашан жететіні әзірше белгісіз. 

Авторлар: Александр Грэс, Павел Невид