Қай елдерде «COVID-төлқұжат» енгізіледі

Әлем елдері коронавирусқа қарсы вакциналауды бастап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді екпе салдырған адамдар қалыпты өмірге қайта оралуы үшін «ковид-төлқұжат» беру мәселесі қызу талқыланып жатыр. Мәселен, халқының 25 процентіне екпе салдырған Израиль тиісті құжат енгізу туралы идеяны алғашқылардың бірі болып көтерген.

Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен тағы бірнеше мекеме «ковид-төлқұжаттың» қажеті жоқ деп отыр.

ЖАҚЫН АРАДА «COVID-ТӨЛҚҰЖАТ» БЕРІЛЕ БАСТАЙДЫ

«Ковид-төлқұжат» дегеніміз не? Ол вакциналау туралы анықтаманы алмастыруы тиіс. Қолында тиісті құжаты бар адамның шетелге шығуы жеңілдеп, өзге елден оралғанда карантинде отырмайды. Жақын арада Ирзаиль билігі тұрғындарға «ковид-төлқұжат» бере бастаймыз деп отыр. Оған қолжеткізу үшін ел азаматтары кронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алуы керек. Елде екпе салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазір 9 миллионнан аса халықтың 25 процентіне вакцина салынған. Тіпті екінші дозасының өзін жүз мыңдаған тұрғын алып үлгерген. Еврей мемлекеті халықаралық туризмді қайта жандандыру жоспарын да әзірлеп қойған.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

Біз жақын арада «Жасыл төлқұжат» бағдарламасын жүзеге асырамыз. Сонда қалыпты өмірге қайта ораламыз. Кәсіпорындарды ашып, экономиканы қайта жандандырамыз. Бірақ «ковид-төлқұжат» бар екен деп, босаңсуға болмайды. Біз бұрынғысынша маска тағып, қауіпсіздік шараларын сақтауымыз керек.

ЕО ЕЛДЕРІ «COVID-ТӨЛҚҰЖАТ» ЕНГІЗУ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАП ЖАТЫР

«Ковид-төлқұжат» енгізу мәселесін Еуроодақ елдері де талқылап жатыр. Мәселен, Испания билігі бастаманы қолдайтынын жеткізді. Өйткені ел экономикасы туризмге тәуелді. Былтыр Испанияның саяхат саласы соңғы жарты ғасырдағы ең ауыр жылға тап болды. Пиреней түбегіне келген шетелдік саяхатшылар саны 80 процентке азайған. Грекия билігі де «ковид-төлқұжат» енгізу бастамасын қолдап отыр. Себебі эллада елінде де туризмнің экономикадағы үлесі жоғары. Қолдаушылар қатарында Польша мен Дания да бар. Еуроодақтағы Франция мен Румыния билігі керісінше, бұл идеяны құптамайтындарын айтқан.

«COVID-ТӨЛҚҰЖАТҚА» ҚАТЫСТЫ ТАЛҚЫЛАУЛАР  

Екпе салдырған тұрғындарға «ковид-төлқұжат» беру мәселесін көрші Ресейде де талқылап жатыр. Мәскеу облысының басшылығы цифрлық төлқұжат енгізетінін айтты.

Мәскеу облысының губернаторы коронавирусқа қарсы екпе салдырған өңір халқына кьюар код берілетінін айтады. Ол тұрғындардың мобильді телефонына жіберіледі. Бірақ билік «ковид-төлқұжат» бойынша нақты ортақ ұстаным жоқ екенін айтып отыр. Мәселен, Башқұрстан және Сахалин облысының билігі тиісті құжатты енгізуге ниетті екендерін жеткізген. Тіпті оны алған тұрғындарға маска тақпай, түрлі мекемеде жеңілдік берілетінін мәлімдеген. Қандай да бір кәсіпорынның бүкіл қызметкері екпе салдырса, онда бұл қауіпсіз жасыл аймақ деп белгіленуі мүмкін.    

Құжатқа қарсы тараптар да аз емес. Мәселен, Федерация кеңесінің спикері Валентина Матвиенко оны қолдамайтынын жеткізді. Айтуынша, құжат иесінің әлем елдерінде емін-еркін қатынауы туралы нақты шешім әлі жоқ. Челябі облысының губернаторы да қарсы екенін жеткізді. Ол адамдарды ағзасындағы антиденелерге қарай бөліп-жармаймыз дейді. Қарсы тараптар антиденелер туралы ақпарат дәрігерлік құпия екенін алға тартады.

ДДСҰ «COVID-ТӨЛҚҰЖАТ» ЕНГІЗУГЕ ҚАРСЫ

Иә, ковид-төлқұжаттарға қарсы тараптар аз емес. Құқық қорғау ұйымдары бұл әлі вакцина алмаған адамдарды кемсітетінін алға тартады. Мәселен, жұмыс берушілерге карантин талаптарын сақтаудан гөрі антиденелері жоқ адамды жұмысқа алу әлдеқайда оңай болады дейді. Бастама төлқұжаттарды қолдан жасау деректерінің артуына әкеп соқытуы мүмкін деген пікірлер айтылды. Бұл идеяны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да құптамай отыр. Мекеме өкілдерінің айтуынша, қазір екпе бәріне бірдей жетпей жатыр. Оның үстіне вакциналаудың тиімділігіне қатысты ақпарат әлі де жеткіліксіз дейді.  

Мелита Вуйнович, ДДСҰ Ресейдегі өкілі:

– Әрине, вакциналау төлқұжатарын енгізу мәселесі қарастырылады. Көп елде осы тақырып талқыға түсіп жатыр. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны қолдануды ұсынбайды.

ВАКЦИНАЛАУДЫ ТІРКЕЙТІН ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕ

Әлем елдері мен түрлі ұйым өкілдері «ковид-төлқұжатты» талқылап жатқанда АҚШ-та «Майкрософт», «Оракл» бірлестігі бастаған бірқатар компания адамдардың індетке қарсы егілгенін тіркейтін жаңа цифрлық жүйе құруды бастап кетті. Бірнеше компания бірлесіп қолға алған жоба «Вакциналауды тексеретін бастама» деп аталады. Мақсат – азаматтардың егілгені жайлы ақпаратты жедел алуға жағдай жасау. Жаңа жүйеге сәйкес мәліметтер электрондық әмиянда сақталады. Смартфондары жоқ адамдар мәліметтерді кьюар кодпен ала алады.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиев